Сот тартысы жарты жылға созылды. Бұрын хабарлағанымыздай, өткен күзде Оңтүстік Қазақстан облысының табиғат қорғау прокуратурасының және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақты қоршаған ортаны қорғау басқармасының қызметкерлері "Шымкентцемент" АҚ жұмысын тексеруден өткізіп, цемент шаңының атмосфераға таралу мөлшерінің артқанын, сондай-ақ, басқа да заң бұзушылықтарды анықтаған болатын. Мөлшерден артық таралу көлемі өткен жылы 148 тоннаны құраған. Мамандардың есептеуі бойынша, қоршаған ортаға келтірілген залал 57 млн теңгеге теңестірілген.
Алайда, кәсіпорын басшылығы ұсынылған айыппұл санкциясын өз еріктерімен төлеуден бас тартқандықтан, шағым Оңтүстік Қазақстан облысының арнайы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының қарауына жіберілген. Сот экологтардың дәйегінің дұрыс екенін анықтады. Алайда, "Шымкентцемент" АҚ басшылығы сот шешімімен келіспесе жоғары сот орындарында қайта шағым түсіре алады.
Шымкент цемент зауыты Оңтүстік Қазақстан облысындағы цемент өндіретін ірі кәсіпорын. 2007 жылы "Шымкентцемент" АҚ цемент өндірісі 950 мың тоннаны құрады (2006 жылы - 825 мың тонна).
Шымкент цемент зауыты халықаралық "Italcementi Group" корпорациясының меншігі болып табылады.