Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің өкілдері теңіз ынтымақтастығы мәселелерін талқылады

"Жиналыс барысында Иранның жол және тасымал министрінің орынбасары Әли Тахери ұйымға мүше теңізге шығар жолы жоқ елдерге өздерінің порттық-транзиттік инфрақұрылымын ұсынуға Иранның дайын екенін тағы да растады", - деп көрсетілген министрлік хабарламасында.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, кездесу барысында ұйымға мүше транзиттік елдерге (Иран, Пәкістан, Түркия) порт инфрақұрылымы, құрғақтағы және техникалық қызмет, қаржы және кеден шаралары, кеңес беру қызметі, тариф бойынша арнайы жеңілдіктер беру салаларындағы қалған елдерге көрсетуі мүмкін көмек көлемі мен түрін анықтау ұсынылды. Сонымен бірге, теңізге шығар жолы жоқ мүше мемлекеттерге порт, теңіз және транзиттік ғимараттрға қатысты өздерінің нақты талаптарының тізімін Ұйым хатшылығына тапсыруға талап қойылды.

Кездесуге қатысушыларға Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 10 жылындағы (1998-2008 жылдар) көлік және коммуникацияға қатысты іс-әрекеттерінің бағдарламасында қарастырылған көптеген теңіз жобаларының табысты жүзеге асырылуына байланысты ризашылық білдірілді.

Сонымен бірге, кеңес барысында Түркия 2008 жылы теңіз жаттығулары саласындағы аймақтық ынтымақтастық бойынша семинар өткізуді ұсынды. Оның барысында Ұйым аймағында теңіз жаттығулары бойынша ұзақ мерзімді бағдарламаның соңғы келбетін айқындау жоспарланып отыр.

Кеңеске ұйымға мүше он мемлекеттің (Иран, Пәкістан, Түркия, Ауғанстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан) делегациялары мен Халықаралық теңіз ұйымының (IMO), БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD), Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшылығының өкілдері қатысты. Қазақстан атынан кеңес жұмысына ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің, "Қазтеңізкөлікфлот" ҰТКҚК АҚ мен "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" республикалық мемлекеттік кәсіпорынының өкілдері қатысты.