Жемқорлықтан арылудың жолы қандай, елдегі жемқорлық қандай деңгейде, онымен күрес барысы көңілден шыға ма?
Caravan.kz медиа порталы тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына белгілі экономист-сарапшы Ербосын Нұрмұхан жауап береді.
- Елдегі жемқорлық қандай деңгейде деп ойлайсыз?
- Қандай деңгейде екені бәрімізге аян деп ойлаймын. Әрине ауыр.
- Экономист болғандықтан Жемқорлықтың экономикамызға тигізер зардаптары туралы айтып өтсеңіз.
- Жемқорлықтың экономикаға тигізер зиянын айтар болсақ, ол ең алдымен экономикадағы әділ бәсекелестікті құртады, ресурстарды теңсіз пайдалануды келтіріп шығарады. Нарықтық экономика тек әділ бәсекелестік жағдайында ғана гүлденіп көркейеді. Сондықтан нарықтық экономикадағы кез келген мемлекетте «әділ бәсекелестік заңы» мен «монополияға қарсы заңдар» болады. Оның мақсаты нарықтық экономиканың қозғаушы күші болған әділ бәсекелестікті қорғау. Ал жемқорлық осы әділ бәсекелестіктің жауы. Монополияның адал қолдаушысы. Әділ бәсекелестік пен ресурстардың теңсіз бөлінуі жағдайында, байлар байығанның үстіне байый береді. Кедейлер кедейлескеннің үстіне кедейлесе береді. Қоғам тек бай, кедей боп екіге ғана бөлініп қалады. Орта тап қалыптаспайды. Бұл болашақта мемлекеттің түрақсыздығына апарып соғады.
Екінші, жемқорлық мемлекеттің экономикалық қатынастарын бүлдіріп, сатып алу мен сатуды сапасыздыққа жетелейді. Сол арқылы мемлекеттің бюджеті шығынға ұшырайды. Мысалы, бізде істелінген сапасыз құрлыстар мен сапасыз проектілер осы жемқорлықтың айғағы. Бұндайда мемлекеттік бюджеттің қайнар көзі болып отырған салық төлеушілердің қан тері текке кетеді.Пайдасын тек жемқорлар ғана көреді. Атқарылған жұмыс сапасыз болғаннан кейін, бұл түбінде экономиканы тұралатып тынады.
Үшінші, инвестициялық ортаны бүлдіреді. жемқорлықтың өршуі мемлекеттің инвестициялық ортасының нашарлығын білдіреді. Бұндайда шетелдік және өз ішіміздегі инвесторлар инвестиция ортасы жақсы ортаны таңдайды да, іштегі қаржы сыртқа кетіп, сырттан құйылуға тиісті қаржы құйылмайды. Сонымен бар байлығыңды аша алмай, алтынның үстінде отырып аш қалатын жағдай келіп шығады.
- Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың қазіргі жемқорлыққа қарсы саясатына қандай баға берер едіңіз?
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы зиялы, адал, көреген адам. Ол қазіргі жемқорлықтың неден туындап отырғанын жақсы біледі деп ойлаймын. Сондықтан да, ол жемқорлыққа қарсы бірнеше өнімді шаралар қолданды. Мысалы, жемқорлыққа қарсы заңды қатайтты. Жемқорлықпен ұсталған жемқор ақша төлеп түрмеден босап кетпейтін болды. Және екінші біреудің қолымен от көсейтін жағдайды өзгертуге тырысып мемлекеттік биліктегі «жауапты хатшы» деген лауазымдарды алып тастады. Параны өзінің орынбасарлары арқылы алатын жағдайды өзгертуге талпынып «орынбасарлары пара алса бірінші басшы жұмыстан кету керек» деген сияқты біраз тиімді шешімдерді шығарды. Бұның барлығы жемқорлықтың алдын алуға өзіндік көмегін тигізді. Сондықтан мен президенттің жемқорлықпен күресу ерік жігеріне жоғары баға беремін. Алайда, жетіспей жатқан жерлері әлі де көп. Қазір, «орынбасарлары пара алса басшы жұмыстан кетеді» дегеннен кейін, параны орынбасарлар арқылы алмайтын болды. Параны ортада жүретін делдалдар арқылы алатын болды. Сонымен бәрі бір парақорлық жүріп жатыр. Енді осыған тосқауыл қою керек.
- Сыбайлас жемқорлықпен күресте халықтың да атсалысуы маңызды деп ойлайсыз ба?
- «Сыбайлас жемқорлық» деген сөзден мағынасына үңілсек, бізге алдымен кімдер «сыбайлас» деген сұрақ туады. Меніңше мұндағы сыбайластар тек пара алушы тарап қана емес, пара беруші тарапта сыбайлас. Егер біз сұраныс пен ұсыныстың қағидасы бойынша жемқорлықты бір түрлі сауда деп қарасақ, сауда тек екі жақ бірдей келіскен шарт астында ғана жүзеге асады. Егер келісім болмаса ол сауда, сауда болмайды. Қазір біз сол сауда алаңын алушыға да, сатушыға да лайықтап жасап беріп отырмыз. Бұндағы алушы қолында құзіреті бар тарап болса, енді бірі сол құзыреті бар тұлғаға мұқтаж кәсіпкер не болмаса жәй жеке тұлға. Және біреуі, мансапты алып сататын қолында билігі бар тұлғалар арасындағы сауда.
Халық жемқорлыққа әрине өлердей өш. Халық жемқормен саудаласуға ең басында еріксіз барса, қазір күнделікті істеп жүрген саудасының бір бөлегі сияқты оған да еті үйреніп кетті. Халықтың көңілінде «сөзсіз солай болуға тиісті» деген ұғым қалыптасқан. Қит етсе қалтасындағы ақшасын ала жүгіреді. Пара беріп жұмысын бітіргеніне халық мәз, пара алғанына парақор мәз. Сөйтіп, «сен тиіспесең мен тиіспеймін бақыраң көз» деп парақорлық саудасы жарасымды түрде қызу жүріп жатыр. Сондықтан бұл сауданы қыздыруға белгілі жақтан халықтың да жауапкершілігі бар деп кесіп айтуға болады. Егер жемқорлық түбегейлі жойылсын десек, оған халық та ат салысу керек. «жоқ» дейтін жерде «жоқ!» деу қажет. Қолында құзыреті бар тұлға мен құзыреті жоқ тұлғаның (халықтың) арасындағы дәнекерді қалыптастырмау керек. Қолында құзыреті бар тұлға параны көбінесе халықты заңмен қорқыту немесе заңмен мәжбүрлеу арқылы алады. Сол үшін қолында құзыреті бар халыққа бетпе-бет келетін тұлғаға халыққа заңды айтып оның зардабын түсіндіретін құқық берілмеу керек. Кез келген тұлға заңға қайшылық жасаса оның заңдық шешімін сот шығарады. Осылай болғанда халық құзыреті бар адаммен саудаласпайды. Соттан кейін өзін өзі оңай тәрбиелейтін болады.
- Өзіңіз көрші Қытайдан келдіңіз, ол жақтағы ахуалмен жақсы таныссыз. Аталған елде жемқорлық қалай шешіліп жатыр?
- Қытайда жемқорлық керемет шешіліп жатыр деп айта алмаймын. Бірақ, жемқорлыққа қарсы заңның өзіндік тежеу қуаты бар. Ұсақ-түйек шаруа үшін жемқорлыққа бара қоймайды. Бірақ бір алса оңдырмай алады. Ол бұрынғыдай жүріп жатыр. Коммунистік жүйеде тұрған ел жемқорлықтан мәңгі түбегейлі құтыла алмайды. Жемқорлық бұл «жүйелік ауыру».
Қазіргі жүріліп жатқан жемқорлыққа қарсы оперециялар бір жағынан саяси мақсатта жүрілсе, енді бір жағынан жемқорлықты тоспаса, мемлекет күйрейтін деңгейге жеткеннен кейін жемқорлыққа қарсы шара жан таласажүріліп жатыр.
Біздің жемқорлықпен күресу жағында қытайдан үйренетін жеріміз , заңнан жемқорларды қорқыту, сескендіру жағын үйренсек болады. Басқа жағы үйренуге татымайды деп ойлаймын.