ЭКСКЛЮЗИВ: Қос қызды құтқарған Никита Тюкиннің ерлігі көпке үлгі - БҚО

Зеленов ауданы Достық орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мәншүк Тәженованың айтуынша, Никита биыл 7-сыныпты бітірді. Орысша білім алатын оның құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасы жақсы. Сабақ үлгерімі орташа болғанымен, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Аталмыш оқиғадан кейін БҚО ТЖ департаменті Никита Тюкинді арнайы алдырып, құрмет көрсеткен болатын. Оған қоса Никита Тюкин қазіргі кезде Орал қаласындағы «Еуразия» туристік-сауықтыру орталығында тынығуда.

Никита құтқарған қыздың бірі - Дарья Панова Никитамен бірге оқыса, екіншісі Милана Логвиненко 6-сыныпты бітіріп отыр. Олардың аналары Наталья Шепелева мен Олеся Логвиненко Никита Тюкинге дән риза. «Қыздарымызды ажал аузынан арашалап қалған Никитаға аналық алғысымыз шексіз. Осындай ұл тәрбиелеп отырған ата-анасына, мектеп ұжымына ризамыз», - дейді олар.

Аталмыш сынып жетекшісі Зәмзагүл Іңкәрованың сөзіне қарағанда, Никитаның бейбіт күндегі ерлігі -  сыныптастары ғана емес, барлық жас жеткіншектерге үлгі.


«Милана, Дарьямен бірге өзенге бардық. Суға шомылып жүрген қыздар бір кезде көрінбей кетті. Дереу іздей бастадым. Әуелі бір батып, бір шығып жүрген Дарьяны құтқардым да, сосын Милананы іздедім. Су түбіне бірнеше рет сүңгуге тура келді. Соның арқасында су түбінен денесі көгеріп кеткен Милананы жағаға алып шығып, қимылсыз жатқан оған алғашқы медициналық жәрдем көрсеттім. Бұл ретте мектепте судағы қауіпсіздік ережелерін оқытқаны мен үшін де пайдалы болды. Ең бастысы, құрбыларым аман-есен жүріп жатыр. Қолыңнан келгенше, адамдарға қолұшын созғанға не жетсін!» - дейді Никитаның өзі.