Прокуратура өкілдерінің мұрындық болуымен «ЭКСПО» ұлттық компаниясының басшылығы мен Қылмыстық атқару жүйесі комитеті осындай меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта жазасын өтеп болғандар құрылыс алаңында, ал түзеу мекемесінде отырғандар көрмеге қажетті керек-жарақтарды әзірлейтін болады, деп хабарлайды Жетінші арна.
«Келтірген залалы бар. Соны өтеу керек және егер жұмыс істеп, сол жерде өзін жақсы тұсынан көрсетсе, шартты түрде босатылуға ол өте үлкен ықпалын тигізеді. Осы жеке компанияларды тарту арқылы олардың еңбекақылары үкіметпен бекітілген ең төменгі еңбекақыдан төмен болмайды», - дейді қалалық прокуратураның бөлім бастығы Талғат Бектұрсынов.
Ал олардың еңбекақылары сот үкімі бойынша кесілген шығындарды өтеуге жұмсалмақ. Бірақ сотталғандардың жалақыларының нақты қанша болатыны әзірге белгісіз.