Екібастұз қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Талғат Сәкеннің сөзінше, бүгін Өскемен облыстық спорт басқармасының мамандары спортшының қала аумағына жеткенін айтқан, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
- Марафоншымен Екібастұз қаласының шетіндегі стеллада кездесіп, сұхбаттастық. Спортшы қала тұрғындарын биылғы 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, спортта зор жетістіктерге жетуімізді тіледі. Қала шетіне түскі сағат 12 кезінде келген ол шамамен 10-15 минуттай аялдаған соң Павлодар-Астана автожолымен ары қарай кетті. Жүгірісін 10-маусым күні Астанада аяқтайды. Сонда барлығы 1000 шақырым жолды жаяу бағындырмақ, - дейді Талғат Сәкен.
Ғалымжан Тоқтар Өскемен қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып жұмыс істейді. Ол «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметіне орай Астанаға дейін жаяу жүгіріп бару үшін 25-мамыр күні жолға шыққан. Күніне 10 сағат жүгіріп, шамамен 60-70 шақырым жолды артқа тастайды. Ауарайы қолайлы болса, 80 шақырымға дейін жеткізетінін айтқан. Ал, спортшының әйелі Еркегүл Мұқият болса, көлікпен ілесіп, барлық жол барысын бейнерегистраторға түсіреді.