Экс-судьяның айыппұл жазасы оны бас бостандығынан айыруға алмастырылды - Қарағанды облысы


17 қараша күні Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасы Қарағанды қаласының Октябрь ауданының Н.Маршаковаға қатысты ісі бойынша үкіміне шағымы мен жеке шағым арызын қарастырды. 

Апелляциялық сатының қаулысына сәйкес Н.Маршаковаға жасаған қылмыстары бойынша жалпы режімдегі колонияда екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 
Сотталушы сот залында қамауға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағандының Октябрь аудандық сотының үкімімен Н.Маршакова ҚР ҚК-нің 307-бабының 3-тармағы (қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану) және 314-бабының 3-тармағы (қызметтiк жалғандық жасау), сондай-ақ 350-бабының 1-тармағы (көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзгедей сот актiсiн шығару) бойынша айыпты деп танылған. Барлық қылмыстары бойынша оған үш жыл мерзімге мемлекеттік қызметтен шеттетілуімен 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды, бұл 9 млн. 260 мың теңгені құрайды. 
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2013 жылдың желтоқсан айында Теміртау қалалық сотының судьясы Н.Маршаковаға қатысты қызметтік жалғандық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, бұл істің қозғалуына азаматтық істердің бірі бойынша сот актісінің мазмұнының дұрыс ресімделмеуі себеп болған, оның шешімі апелляциялық инстанцияда теріске шығарылды. Кейіннен қылмыстық іс Қарағанды қаласының Октябрь ауданының сотына қайта қаралу үшін жіберілген еді.