"Экстремизм туралы" заң таяу уақыттарда қабылдануы мүмкін - ҚР ҰҚК-нің төрағасы

Н.Дүтбаевтың түсініктемесіне жүгінсек, "Экстремизм туралы" заңның жобасында "Қазақстан аумағында түрлі ұйымдардың іс-қызмет жүргізуіне тыйым салу тетіктері дәйектелген". "Әлдебір ұйымның лаңкестік ұйымдарға жататыны туралы ақпарат түскен жағдайда сотқа шағым беріледі. Ұйымның іс-қызметіне тыйым салу туралы шешімді сот қабылдайды",- деді ол. Осындай ұйымдардың іс-қызметі туралы ақпаратпен еліміздің құқық қорғау мекемелері түгелдей, соның ішінде ҚР ҰҚК де айналысатын болады.

Бірқатар ұйымдар тарапынан аталмыш заң жобасына қатысты айтылған сын-пікірге тоқталған Н.Дүтбаев дүниежүзінің көптеген елдерінде, соның ішінде АҚШ, бірқатар Еуропа елдері, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанда іс-қызмет жүргізуге тыйым салынған лаңкестік сипаттағы экстремистік ұйымдардың тізімі бар екенін атап өтті. "Ал Қазақстанда ондай тізім жоқ",- деді ол. Алайда, ҰҚК төрағасының айтуынша, Қазақстанда "Хизб-ут-Тахрир", ваххабиттер және т.б. исламдық діни ұйымдар бар. "Іс-қызметі экстремистік сипаттағы бұдан басқа да ірілі-ұсақты ұйымдар жоқ емес",- деді төраға. Н.Дүтбаевтың айтуынша, "экстремистік ұйымдар өз іс-қызметімен ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіреді".