Бұл – Әбу есімді көк-сары түсті тотықұс. Осы көрменің жұлдызы десек те болады. 20-дан астам сөзді жатқа білетін қанатты келгендермен амандасып, өз есімін айта алады. Бірақ бүгін тіс жара қоймады. Ұйымдастырушылар шамадан тыс назар аударылғандықтан, құс ұялып қалды деп отыр. Ал сары түсті айдары бар Санжар ешкімнен қысылмай, қосылған музыка әуеніне ілесіп билеуге кірісті.
Владислав Баясханов, көрме әкімшісі:
- Ол өте қызғаншақ құс. Тез ренжіп қалып, ұзақ уақыт өкпелеп жүреді. «Рио» мультфильмінде оны зұлым құс кейпінде көрсеткені бекер емес.
Көрменнің тағы бір көз қуанышы – ала түсті жако. Ол күнде барлығын түгендеп, тәртіп сақтап жүреді. Телефон рингтондарын қайталауды ұнататын құс әлемдегі ең ақылды қанаттылардың бірі саналады. Себебі олар мыңға жуық сөзді жаттап, содан сөйлем құлай алады екен. Осы қасиеті үшін тіпті Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Владислав Баясханов, көрме әкімшісі:
- Негізінен жако деген құстың түрі. Құжат бойынша оның есімі Григорий? Бірақ бұл есім оған ұнамайды. Сондықтан Жако деп атаймыз. Өз-өзін еркелетіп кейде Жако, Жакоша деп айтады.
Америка, Африка және Австралияда мекен ететін тотықұстардың 22 түрін осы көрмеден тамашалауға болады. Олардың кішісінен бастап үлкендеріне дейін көруге ересектер де, балалар да қызығушылық танытты.
Ангелина Караваева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Маған қызыл түсті тотықұс пен мына тордағы екеуі ұнады. Олардың түстері әдемі, өздері де өте сүйкімді екен.
Экзотикалық құстар Қостанайда қаңтардың ортасына дейін тұрақтап, сосын жылы жаққа кетеді. Ұйымдастырушылар келесі көрмені өткізуге елдің оңтүстік өңірін таңдап отыр.