Энергетика министрі Ақтөбе мен Оралдағы газ тапшылығы мәселесін түсіндірді

Баспасөз мәслихаты барысында тілшілер тарапынан Орал мен Ақтөбе қалаларында сұйытылған газдың тапшылығынан бірнеше күннен бері жүргізушілер кезекте тұрғандығы туралы сауал қойылды.

«Мен бүгін жаңалықтардан осы жайында білдім. Біз 2,5 млн. тонна сұйытылған газ өндіреміз. Біздің елде тұтыну көлемі ең көп дегенде 650 мың тонна», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, министрлік әрбір облыстың қажеттілігін ескере отырып, міндетті квоталарды реттейді. Ал қалғанын кәсіпкерлер экспортқа немесе басқа бағыттарда пайдалана алады. Бұл тұрғыда еркіндік берілген.
Сонымен қатар ол БҚО-да қажеттелік көлемі шамамен 1 мың тонна екенін, сонымен бірге аталған облыста квота 800 тоннаға жуық болғанын жеткізді.


«Маған осы квота көбейтілгені туралы хабарлады. Мамандардың сөзінше, аталған мәселе министрліктің өзінің бұйрығымен сұйытылған газға көтерме сауданы тоннасына 31 мың теңгеден 11 мың теңгеге дейін төмендетуі, яғни биыл үш есеге азайтуынан туындауы мүмкін. Осы орайда адамдарда бұл газды бұдан ары қарай экспорттау ниеті пайда болуы ықтимал. Қазіргі кезде квота көлемі артып, проблема шешіледі. Елімізде сұйытылған газ жеткілікті», - деді ведомство басшысы.