Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы KAZINFORM.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мұндайда тыныс алу органдарына, жүрек-тамыр және жүйке жүйесіне күш түсіп, миға қан құйылуы, интоксикация, пневмония және жүрек жеткіліксіздігі болуы мүмкін.
Соңғы кезде өршіген жұқпалы аурулардың алдын алу үшін не істеу керек?
Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Салтанат Бекқожина бірнеше кеңес берді.
Инфекцияны жұқтыру қаупін азайту үшін жұқпалы аурулар өршіген кезде қоғамдық орындарға барудан бас тарту қажет.
Статистика бойынша, тұмау мен ЖРВИ, COVID-ті жұқтырудың жаңа жағдайлары қоғамдық орындарда, бұқаралық іс-шараларда болғандардан жиі анықталады.
Егер бару міндет болған жағдайда масканы тағып, антисептикті жиі пайдалану керек. Маманның айтуынша, инфекциядан сақтанудың ең тиімді жолы — жеке бас гигиенасын сақтау.
«Даладан үйге келгеннен кейін немесе ауырған адамдармен байланыста болғаннан соң, тамақтанар алдында міндетті түрде қолды жуу керек. Жай ғана шайып қоймай, қолыңызды барлық жағынан сабынмен және кем дегенде 15-20 секунд жуыңыз. Қолыңызды тыйып, көз, ауыз немесе мұрынға тигізуді тоқтатыңыз. Сіз күніне қанша рет бетіңізді ұстайтыныңызды білесіз бе?! Бұл жанасулардың әрқайсысы өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан, әсіресе көшеде қолыңызды бетіңізге тигізбей, әр қимылыңызды қадағалап үйреніңіз», — дейді санитар дәрігер.
Қорғанудың тағы бір жолы — маска тағу.
Бұл адамды жұқпалы аурудан 100% қорғамаса да, инфекцияны жұқтыру немесе ауырған жағдайда басқаларға тарату қаупін біршама азайтады.
Сондай-ақ маска таққан кезде қолды мұрынға, ауызға апару қиындай түспек.
«Тиімді қорғаудың қосымша құралы — мұрынды теңіз суына негізделген препараттармен жуу. Ағзаның жұқпалы ауруларға төтеп беруін, жалпы иммунитетті күшейту үшін дәрумендер мен адаптогендерді — элеутерококк, адамтамыр және эхинацея тұнбаларын қабылдау да пайдалы. Күнделікті тұтынатын өнімдерде ақуыздардың, майлардың және көмірсулардың жеткілікті мөлшерде болуы маңызды. Көкөністер мен жемістердің, жидектердің, шөптердің, ақуызды тағамдардың — майсыз ет, қатты бидайдан жасалған макарон, сүзбенің болуына ерекше назар аудару керек», — дейді Салтанат Бекқожина.
Эпидемия кезінде жақсы ұйықтап, күн тәртібін сақтау керек. Бұл сонымен қатар иммунитетті нығайтуға көмектеседі.
Таза ауада үнемі серуендеу және қалыпты физикалық белсенділік дененің қорғаныс күштеріне жақсы әсер етеді.
«Бөлмені үнемі желдетіп отыру, ауаны ылғалдандыру, жұмыс істейтін және демалатын үй-жайларды жиі ылғалды жуып-тазалау — вирустарды жояды. Гаджеттерді, кеңсе жабдықтарын және қол тиетін үстел бетін жиі дезинфекциялаңыз. Алайда, антисептикті техникаға тікелей шашыратпай, оны алдымен сулыққа сеуіп, тек содан кейін гаджетті сүртіңіз.1,5-2 метр қашықтықты сақтаңыз. Бұл өте қарапайым, бірақ тиімді жұмыс істейтін ереже екендігі дәлелденді», — дейді санитар дәрігер.
Тұмаудың алдын алуда вакцинацияның көмегі зор.
Маманның айтуынша, әсіресе балалар мен қарттар, иммунитеті төмен адамдар, диабетиктер, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау мамандары міндетті түрде екпе қойдырған жөн.
Ал аурудың белгілері пайда болған жағдайда үйден шықпай, дәрігерді шақырту керек. Ол ауруды емдеу үшін қажетті ұсыныстар береді. Дер кезінде қолданылған ем асқынуға жол бермейді.
Бұған дейін СҚО-да 9 адамның коронавирус жұқтырғанын айтқан едік.
ЖРВИ-мен сырқаттанғандар саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе артқанын айтқан едік.