"Апта күндерін белгілеп қойғанбыз"
Кейіпкеріміздің жасы 35-те, кәсіпкер. Аты-жөнін айтпауымызды өтінген оның бүгінде екі әйелі бар. Алғашқысымен заң алдында некелессе, екіншісін мешітте қидырған.
"Екінші әйеліммен 30 жасымда некеге тұрдым. Ол кезде жасы 19-да болды. Бірақ заңды некеде емеспіз. Ата-анасының алдынан өтіп, рұқсатын алдым. Сосын қаламыздағы мешіттің имамына барып, некемізді қидырдық. Бірінші әйеліммен 23 жасымда үйленгенмін. 4 қызым бар. Әйеліммен үйленер кезде екінші, үшінші әйел алуға көзқарасымды ашып айттым. Ол да келісті. Қазір қоғам еркекті кіналап жатыр ғой. Дегенмен, денсаулығың, қаражатың жетіп тұрса алуға не кедергі? Екеуіне де бірдей қараймын деп айта аламын. Тіпті ұят болса да айтайын, арнайы апта күндерін де белгілеп қойғанбыз. Екеуінде де үй, көлік бар. Балалардың шығынынан бөлек өздеріне бөлек ақша беріп отырамын. Жеке кәсіппен айналысамын, сондықтан материалдық жағдайым жақсы. Қазір екінші әйелімнен 2 ұлым бар, екеуі де өз атыма жазылған. Тағы бұйыртып жатса, үшінші әйел алу ойымда бар. Қазақтың санын көбейткім келеді", - деді ол.
"Құранда "бір әйелмен өмір сүрген жақсы" делінген"
Кейіпкеріміздің оқиғасы туралы айтып, теолог Нұрлан Байжігітұлына хабарластық. Ол екінші әйел алуға қатысты Құранда жазылған аятты талдап берді. Айтуынша, "бір әйелмен өмір сүрген жақсы" делінген.
"Қазақ байыса қатын алады" дейтін жағдайға жеттік қой. Мәселе көпбала мен әйелдің санын көбейту емес, мәселе бар әйелмен бақытты өмір кешуде, оның ризалығын алып, екеуіңнен тараған ұрпаққа дұрыс тәрбие беруіңде. Саны бар, сапасы жоқ ұрпақты көбейтіп, оны асырай алмасаң, тиісті білімін бере алмасаң - әйелді көбейту жақсы дүниеге әкелмейді. Қалтасына ақша көбейсе әйел алатын азаматтар сәл де болса ойланса екен. Екінші, үшінші әйел алу кезінде отбасы бұзылады, балалар шеттетіледі, бірге өмір сүре алмайды. Сондықтан бұл - үлкен мәселе. Жалпы бұл туралы Құранда жақсы аят бар. Алла Тағала Құранда: "Екі, үш әйел алуға болады, бірақ бір әйел алған жақсырақ" деген. Ал еліміздегі көп ер адам бұл қасиетті аяттың көп әйел алу туралы айтылған бірінші бөлігін ғана үйреніп алады. Ал жалғасында: біріншісі бәрібір жақсырақ, бір әйелмен өмір сүрген жақсы" делінген, - деді теолог.
"Екінші әйелде еркектің тынысы ашылады"
Ал этнограф Ғазизға Бекееваның пікірінше, екінші әйел алған еркектің жаңа тынысы ашылады.
"Негізі екінші әйел алғысы келген еркекке қолдау керек. Өйткені екінші тынысы ашылып, өмірінде үлкен өзгерістер пайда болады. Бұрынғы уақытта неге бәйбіше мен тоқал тату болған, бәйбішелер неге тоқалын өзі таңдап әперген? Себебі сол уақытта бәйбіше құрметті болып қалатынын білді. Ал екінші әйел азаматтың алдында да, бәйбішенің алдында өзін міндетті сезінеді. Екі әйелдің арасындағы сыйластық еркекке байланысты. Дегенмен олардың қарым-қатынасы күндестіктен гөрі апалы-сіңілінің қарым-қатынасы сияқты болуы керек. Себебі азамат ортақ, соны ескеру керек", - деді ол.