Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.
“Иә, бауырым табылды. Бірақ қатты ашығып қалған әрі есеңгіреген күйде болды. Қазір жағдайы жақсарып қалды. Мұндай ауыртпалықты басынан өткерген ол 19-желтоқсан өзінің екінші туған күні болса керектігін айтады”, – дейді Виктор Оленбургтың ағасы Генадий Бугаков.
Ал, Виктордың әпкесі Ольга Тунковская ағасының төрт жасар ұлы мен жұбайының қуанышында шек жоқ екендігін жеткізді.
Павлодарлық КамАЗ жүргізушісі Петропавл қаласындағы гараждардың бірінде көліктің жүксалғышынан табылған. 35 жастағы В. Оленбургтың жоғалуына күдікті ретінде ұсталған Петропавл қаласының екі тұрғыны 19-желтоқсан күні өз кінәсін мойындап, жоғалған азаматтың қайда екендігін айтқан.
Іздестіру шараларын жүргізген Қарағанды облыстық ІІД Солтүстік Қазақстан облысының ІІД өтініш білдірген. Бұдан кейін тәртіп сақшылары Петропавлдағы гараждарды тексерудің нәтижесінде Викторды көліктің жүк салғышынан тапты.
Ал 18 тонна мысты қолды қылып, 12 миллион теңгеге сатқан қарақшылар ақшаны тең бөлген.
Естеріңізге сала кетсек, Виктор Оленбург 22-қазан күні Жезқазған қаласынан жүкті тиеп, Қарағандыға бет алған бойы хабарсыз кеткен. 27-қазан күні қарағандылық полицейлер Теміртау қаласының маңында жүк көлігін тапқан, алайда онда мыспен бірге жүргізуші де болмады. Қазіргі уақытта петропавлдық азаматтар Қарағанды облыстық ІІД-нің тергеу изоляторына тоғытылды.