Екі аяғынан айырылған алматылық қыз сотта жол апатының қалай болғанын айтты

Отырыс Алматының Бостандық ауданының №2 сотында судья Арай Нұғыманованың төрағалығымен өтуде. Автобус жүргізушісі Дәурен Жанабаевтың үстінен қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлімі (денсаулыққа ауыр залал әкелген жол қозғалысы ережесін немесе көлікті пайдалануды бұзу)  бойынша іс қозғалды. 

Екатерины Парафиеваның айтуынша, сол күні ол әріптесімен жұмысынан Әл-Фараби даңғылымен Сайын көшесіне қарай келе жатқан, күн ашық, жолда көлік көп болмаған. 

"Біз сол жақ қатарда келе жаттық. Президент саябағына жақындаған кезде мен жолда шығып тұрған бір затты көрдім. Оны байқаған кезде көлікті тежей бастап, айналып өтпек болдым. Біз өте шыққаннан кейін тарс еткен дыбыс шығып, көлік бір жақтан екінші жаққа шайқала бастады. Мен әрең дегенде көлікті тоқтаттым", — деді ол. 

Көлігінің апаттық белгісін қосқаннан кейін Екатерина Парафиева доңғалағын қарау үшін сыртқа шыққан. Ол доңғалақтың тесілгенін көреді де, жүксалғыштан апаттық аялдама белгісін алып шықпақ болады.


Екатерина Парафиева екі аяғынан айырылған жол апатына қатысты іс бойынша сот өтіп жатыр

"Мен жүксалғышқа жақындап, оны ашпақ болдым, бір мезетте маған қарай ұшып келе жатқан Toyota Camry көлігін көрдім. Көліктің жылдамдығы тым үлкен болды, мен ештеңе істеп үлгере алмадым. Біз көліктің жанында тұрған жоқпыз, бірден шықтық, көлікті тоқтатқан кез бен апаттың арасы – 1-1,5 минут қана", — дей келе, зардап шеккен қыз автобусты көрмегенін айтты. 

Жол апаты 16 маусымда болды. Жолаушылар автобусы Toyota көлігін ішінде екі қыз болған Honda көлігіне қарай лақтырып жіберген, салдарынан қыздар екі көліктің арасында қысылып қалады.