«Екі күнде екі медицина қызметкері соққыға жығылды»: Қоғамға төнген қауіптен қалай құтыламыз?

Екі күннің ішінде Қостанай мен Қарағанды қалаларында медицина қызметкерлеріне жасалған екі шулы шабуыл тіркелді. Аталмыш оқиға қоғамда резонанс тудырды. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай шабуылдарды тек медициналық сала ғана емес, бүкіл қоғамға төнген қауіп ретінде бағалады. Министрлік шеше алмаған сұраққа енді мемлекет басшысы араласты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Қостанайдағы оқиға: хирургті есінен тандырған соққы

2025 жылғы 17 шілдеде Қостанай облыстық ауруханасында ауыр оқиға орын алды. Урология бөлімінің 34 жастағы хирургі Антон Кистанов емделушілерге операция жасап, кезекпен қабылдап жатқан. Сол сәтте кезегін күткен бір пациент шыдамсыздық танытып, дәрігерге еш себепсіз шабуыл жасаған. Соққы салдарынан дәрігер есінен танып қалып, бірден жансақтау бөліміне жеткізілді.

Дәрігердің диагнозы – бас сүйек негізінің жабық сынығы, миға қан құйылу және ауыр дәрежелі бас миының жарақаты. Артынша ол санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізіліп, Ұлттық шұғыл медициналық орталыққа жатқызылды. Қазір мамандар оның өмірі үшін күресіп жатыр.

Шабуыл жасаған 34 жастағы күдікті ұсталды. Ол бұрын сотталмаған және психиатриялық есепте тұрмаған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр, күдіктінің психикалық жағдайына сараптама тағайындалған. Оған қатысты “ауыр дене жарақатын келтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қарағандыдағы оқиға: медбикені 20 минут соққыға жыққан

Осы оқиғадан бір күн бұрын, 16 шілдеде Қарағанды қаласындағы жеке клиникалардың бірінде де сорақы оқиға тіркелді. 42 жастағы ер адам әйелі мен баласын ертіп, клиникаға келген. Есікті күшпен ашып, қызмет бөлмесіне кірмек болған оны медбике тоқтатпақ болғанда, ер адам кенеттен шабуыл жасап, әйелді бөлмеде 20 минут бойы ұрып-соққан.

Зардап шеккен медбике бас миының шайқалуын, екі саусағының сынуын және дене жарақаттарын алған. Оның айтуынша, ер адам шашын жұлып, бетінен соққылап, күш қолдануды тоқтатпаған. Өзін «өлген кейіпке» салып барып қана ол тоқтаған.

Қазіргі таңда жәбірленуші нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр, жағдайы – орташа ауыр. Полиция бұл оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғады. Күдікті психоневрологиялық диспансерге жіберіліп, оның ақыл-есі тексерілуде.

Денсаулық сақтау министрлігінің реакциясы

Екі оқиға да ел ішінде резонанс тудырды. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай шабуылдарды тек медициналық сала ғана емес, бүкіл қоғамға төнген қауіп ретінде бағалады. Министрлік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, барлық ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне тәулік бойы полиция қызметкерлерін орналастыруды қолға алды.

Сонымен қатар, медициналық ұйымдарды бейнебақылау жүйелерімен, күзетпен, дабыл түймелерімен және қызметкерлерге арналған бейнежетондармен жабдықтау шаралары басталды. 2024 жылдан бері Қазақстанда медицина қызметкерлеріне 161 шабуыл тіркелгені белгілі болды. Осыған байланысты заңнамаға медицина қызметкерлерін қорғайтын жеке нормалар енгізу жоспарлануда.

Президент не тапсырды?

Президент үкіметке заңнамаға тиісті өзгерістерді әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының, медициналық қауымдастықтың және белсенді азаматтардың медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану мен қатыгездік таныту фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарын қолдайды.

«Медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен амандығына зиян келтіретін мұндай оқиғаларға заң мен тәртіп қағидаттарына сәйкес құқықтық шаралар арқылы тойтарыс берілуі тиіс”, – делінген хабарламада.

Президент үкіметке заңнамаға тиісті түзетулерді әзірлеп, оларды азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен талқылау үшін Парламентке енгізуді тапсырды.