Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды. Мыңдаған қазақтың қалай қырылғаны жайлы жазба төбе шашты тік тұрғызады.
Түркістан қырғыздарын (қазақтарды) жуасыту деп аталатын лейтенант Станиславскийдің естеліктері 1927 жылы Болгарияның Перник қаласында эмиграцияда жүрген кезінде жазылыпты.
«...1916 жылы қыркүйектің басында Қазан әскери округінің штабынан бір офицерді іссапарға тағайындау туралы жеделхат келді, бірақ жас прапорщиктерден емес, соғыс көріп ысылғандардан. Мені Қазаннан Орынборға жіберді. Сол жерден бір генерал Ақтөбе гарнизоны бастығына аттандырды. Мен Ақтөбе гарнизонының бастығы полковник Солейге келгенімде ол:
- Сіз отряд алып, бүлікші қырғыздарды (қазақтарды - ред) тыныштандыруға барасыз. Бұл көтерілісті Қытайдан келген неміс агенттері ұйымдастырды. Қырғыздардың арасында олар қолдау тапты, деді. 1916 жылы қырғыздардың жартылай мобилизациясы жарияланды. Олар бұған қатты наразы болды. Менде төрт пулемет, барлығы 300-дей адам болатын жаяу әскер ротасы және байланыс үшін 50-ге жуық казактар болды. Бізге су, консерві тиелген 50 түйе берді. Менде 18 бен 36 жас аралығындағы қырғыздардың барлығын әскерге жұмылдыру туралы бұйрық бар еді. Бұл өте қиын жұмыс болды. Мен бірінші кездескен, мығым қырғыздарды жинай бердім.
Қазан айының басында қырғыздар бізді алаңдата бастады. Олар бізді үнемі сырттан аңдып жүрді. Олардың салт аттылары алыстан көрініп, төбелерден кенет көтеріліп, қайтадан ізім-ғайым жоқ болып кетіп отырды. Кейде бұл салт аттылар тобы көбейіп 500-600 адамға жетіп отырды. Ондай кезде олар бізге шабуыл жасады. Біз керуенімізді тоқтатып, түйелерді жатқызып, пулеметтен оқ жаудырдық. Бұл оларға зиян тигізбесе де, моральдық әсері болды. Олар жойқын қаруға шыдай алмай, жаралыларын тастап, бірден құмға сіңіп кетіп отырды. Біз олардың жаралыларына қол тигізбедік. Бұл қорқынышты еді: шөлде қалып, түнде үсіп өлу (түндері өте суық болды) немесе аштықтан өлу.
Сағат түнгі 12 болды. Блиндаждардың бірінде атыс болып жатқанын естідім. Жан-жағыма байқап қарасам қараңғыда әлдебір сұлбалар жүгіріп келеді. Олар қырғыздар еді. Атыс басталып, қырғыздар қашып кетті. Мен өлтірілген 18 жауынгерімді санап шықтым. Кейін қырғыз пышақтарынан 30-ға жуық адам жараланғаны белгілі болды. Кейбір блиндаждардан ондаған мәйітті таптым. Ол жерде орыстар да, қырғыздар да болды. Қырғыздардың 20-25 адамы өлтірілді. Жақсылап ойланып, картаны қарап шығып, қырғыздардың соңынан қууға бел будым. Он версттей жерде ауыл бар еді, олардың осы ауылда екеніне сенімді болдым. Олар жатқан үйлерге бомба лақтырдық. Ақыры жиырма адамды, оның ішінде екі неміс нұсқаушысын қолға түсірдік. Қырғыздарды бірден атып тастадық, ал немістерді ертіп алдық. Өз тұрағымызға оралған соң бірден қолға түскен немістерден жауап ала бастадым. Олар өздерін қырғыз етіп көрсеткісі келді, бірақ бұл күлкілі еді. Қырғыздар мен немістерді ажырату өте оңай. Немістер бұан түк шықпайтынын білген соң, бәрін мойындады, ұлтын да айтты. Олар неміс армиясының офицерлері екені сөзсіз. Тұтқындарды он казакқа қосып Ақтөбеге жібердім.
Біз Әмудария өзенінің иілген тұсына қарай жылжып келе жатыр едік. Барлық әскер сол жерде - радиустар бойымен орталыққа жиналуы керек болатын. Қырғыздар Амудария өзеннен өтіп, Қытайға кетпекші.
17 қаңтарда
Әмудария сағасына жақындадық. Қырғыздар ұзындығы 10–12 верст, ені бес верстке созылған қамыстың арасына тығылды. Біздің барлаушылар қамыс арасында қырғыздардың көп екенін, кем дегенде 40 мың адам екенін анықтады. Екі күн бойы жаудың көз алдында тұрдық. Түнде казактар біздің бекеттер арқылы өтпек болған үш немісті тұтқынға алды. Олардың барлығы қырғыз киімінде болды. Немістердің бірі өзін-өзі атып үлгерді. Ұсталғандар өздерін Қытайдағы неміс көпестері деп атады. Шытырман оқиғаға деген құштарлық оларды осындай оқиғаларға итермелепті-мыс. Әрине, бұл жай ғана сөздер. Олар көпестер емес, неміс офицерлері еді. Дәл сол күні олар атылды.
20 қаңтарда біздің бөлімшелер (4000-ға жуық жаяу және 500 атты әскер) қамысқа қарсы шабуылға шықты. Қамысты шабуылмен алу туралы шешім қабылданды. Алайда, нәтижеге жете алмадық. Қырғыздар қамыс арасынан мылтық пен пулеметтен оқ жаудырды. Біз шығынға ұшырай бастадық. Артқа шегінуге мәжбүр болдық. 20 қаңтарға қарай өзеннің қарама-қарсы жағалауын біздің әскерлер басып алып, қырғыздар қоршауға алынды. Біздің күзетшілеріміз түнде қоршауды бұзып өтпек болған қырғыздарды ұстады. Оларды бірден атып тастадық.
27-сі күні қамысты өртеу туралы шешім қабылданды. Көп ұзамай жалын тұтанып, қамыс отқа оранды. Қырғыздар оны сөндіруге тырысты, бірақ біз оқ атып жақындатпадық. Қырғыздар мұз арқылы, өзеннің арғы бетіне өтуге талпынды. Бірақ біздің артиллерия мұзды атқылап жарып жіберді, ал қырғыздар суға батып кетті. Олардың аз ғана бөлігі, 4000-ға жуық адам өзеннен өтіп үлгерді, бірақ кейін оларды арғы беттен күтіп алған біздің пулеметтер толығымен жойды. 7 мыңға жуық адам тұтқынға берілді. 3000-ға жуық адамнан тұратын шағын топ қоршауды бұзын өтіп, солтүстікке, Сібірге қарай бет алды. Көптеген көтерілісшілер казак қылыштарынан, сондай-ақ біздің қарудан қаза тапты. Қайда қашарын білмеген көптеген қырғыздарды біздің артиллерия атып түсірді. 2000-ға жуық адам қамыста тірідей өртенді. Өртенгендердің арасында көптеген әйелдер мен балалар болды. Біздің казактар тұтқынға берілгендердің көбін қылышпен шауып тастады, барлығын дерлік жарып тастады. Тұтқынға түскендердің арасында 30-ға жуық неміс және 16 қытай болған. Оларды да, басқаларды да атып тастадық. Қолға түскен қырғыздардың ішінде 1000-ға жуық әйелдер мен балалар болды. Оларды тағдырдың жазуымен айдалаға тастап кеттік. Соған қарамастан ер адамдар Ақтөбеге айдауылмен жөнелтілді. Ақтөбеден қырғыздар Оңтүстік-Батыс майданына окоп қазуға жіберілді. Көтерілісті басуға қатысқан жасақтардың барлығы солтүстікке жіберілді, ол жақта да осындай көтерілістің бірі жүріп жаты. Мені басқа іссапарға жіберді»
Лейтенант Станиславский.
1927 жыл Перник.