“Кальмар ойыны” сериалынан шабыттанған”: Екі оқушы қыз 12 жасар баланы пышақтап өлтірді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

12 жастағы жасөспірім 26 тамызда Кабаново ауылында жоғалып кеткен. Баланы іздеуге еріктілер де қосылған. Келесі күні оның денесі қараусыз қалған ғимараттың жертөлесінен табылды. Бұл ғимарат бұрын жергілікті кәсіптік-техникалық училищенің жатақханасы болған.

Көп ұзамай қылмысқа күдікті ретінде 15 және 16 жастағы екі жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеушілер адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Telegram арналары мен БАҚ құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап, қыздар қылмысты алдын ала жоспарлағанын жазды. Олар пышақ пен қолғап дайындаған. Қыздар баланы ауылдағы көршісі ретінде танитын болған.

Жасөспірім жоғалған күні олар оны «сыра ішуге» шақырып, қараусыз қалған ғимаратқа алып барған деген болжам бар.

«Комсомольская правда» басылымының полициядағы дереккөзі қыздардың «адамдардың қалай өлетінін көргісі келгенін» айтқан. Кей дереккөздер қыздар қылмысты телефонға түсіріп, мұны белгілі бір «видео челлендж» аясында жасағанын мәлімдесе, басқа нұсқада күдіктілер іздерін жасыру үшін өздерімен бірге ұялы телефон алмағаны айтылады. Қылмыстан кейін олар ештеңе болмағандай үйлеріне қайтқан.

Қаза тапқан баланың анасы Ирина msk1 басылымына берген сұхбатында күдіктілер бұған дейін тағы бірнеше адамды өлтіруді жоспарлаған болуы мүмкін екенін айтты.

Оның сөзінше, тергеудің бір нұсқасы бойынша, қыздар Оңтүстік Кореяның «Кальмар ойыны» сериалының оқиғасынан шабыттанған болуы мүмкін. Сериалда кейіпкерлер өмір мен өлімге тігілген қатыгез ойындарға қатысады.

«Бұл түпкілікті қорытынды ма, әлде тергеушілердің пікірі ме, білмеймін. Олар мұндай қорытындыға қыздардың бірінің бөлмесінде сериалдың плакаттары ілулі тұрғанына қарап келген», – деді марқұмның анасы.

Сондай-ақ күдіктілердің бірінің TikTok парақшасынан сериалдағы адам өлімі көрсетілген кадрлардан жасалған видео табылғаны хабарланды.