Екібастұз ГРЭС-1-де таспалы конвейердің металды конструкциялары опырылып құлады

Екібастұздың ГРЭС-1 стансысында отынберу жүйесіндегі №25/2 таспалы конвейердің металды конструкциялары опырылып құлады.

Кәсіпорыннан мәлім еткендей, конвейрдің тіректі конструкциялары қираған жоқ. Оқиға салдарынан адамдар зардап шекпеді әрі оқиға стансының қалыпты жұмысына кері әсерін тигізген жоқ.

Технологиялық құжаттамада № 25/2 таспалы конвейер негізгі жабдық болып табылмайды. Көмір үш нысаннан беріліп отырады: 1-ші кезектегі көмір қоймасынан, №2 роторлы-тиеу машинасы мен №2Б вагон-аударғыштан. Стансыда орын алған төтенше жағдайдыі себебін арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады. Қазіргі уақытта оқиғаға соңғы бірнеше күнде байқалған ауа температурасының күрт өзгеруі, желдің күшеюі себеп болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Қалпына келтіру жұмыстарына 30 күнге жуық уақыт кетеді. Стансы бірқалыпты жұмыс істеп тұр және ағымдағы жүктемесі 2214 МВт-ты құрайды. Қазір бес энергоблок жұмыс істеуде.