Екібастұзда жаңа «САМҒАУ» балалар шығармашылығы орталығы ашылды

Жоба Павлодар облысының екі ірі өнеркәсіптік компаниясының: ERG және KazMineralsBozshakol топтарының демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 5,3 млрд. теңге, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жаңа нысанның жұмысы Екібастұз қаласының балаларын қосымша білім берумен қамтуды 70%-ға немесе 16 мыңнан астам оқушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы ауданы 7200 шаршы метрді құрайтын заманауи орталықта 9 мыңнан астам бала, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар 12 бағыт бойынша қосымша білім алуға, уақыттарын қызықты өткізуге, өз-өздерін дамытуға мүмкіндік алды. Орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға толықтай бейімделген, лифт және көтергіш құрылғылармен, тифло- және сурдоқұрылғылармен жабдықталған.

Ғимараттың бірінші қабатында би залы, театрдың жаттығу залы, жеке вокал мен музыка сабақтарына арналған бөлмелер және 275 орындық үлкен аудитория орналасқан. Балалар орталық жұмысының шығармашылық бағыттарынан хореография (халықтық, заманауи және классикалық билер), театр өнері, вокал және хор әні немесе аспаптық шеберлік (домбыра, қобыз, гитара, мандолина, дауылпаз, асатаяқ, шертпе) бойынша сабақтарды таңдай алады.

Екінші қабатта жасыл технологиялар орталығының ғылыми-биологиялық зертханасы (гидро және экопоника) және ландшафттық сәулет пен флористикалық дизайн студиялары, сондай-ақ, пікірталас орталығы, медиа орталық (дыбыс жазу студиясы, телестудия, фотография академиясы, жас блогер студиясы, коворкинг орталығы) және сән студиясы (макияж және костюм суретшісі, интерьер дизайны) орналасқан.

Үшінші қабат толығымен робототехника және компьютерлік модельдеу, ғарыштық радиобайланыс және радиотехника клубтарын, СТЭМ және ЛЕГО зертханаларын, ҰҰА клубын (ұшқышсыз ұшу аппараты) қоса алғанда IT-технологияларға, сондай-ақ, балалар пішім мен тігінді, модельдеуді, керамиканы, бейнелеу өнерімен аспаздық өнерді үйренуге мүмкіндік беретін көркемдік-қолданбалы блокқа берілді.

Сонымен қатар, орталықта ата-аналар мен балаларға арналған психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті, үстел теннисіне арналған аймақтар, емдік дене шынықтыру және жаттығу залы жұмыс істейтін болады.

Балалар да, ата-аналар да орталықтың ашылуына және әртүрлі тегін сабақтардың болғанына қуанышты.

Нысанның құрылысы 2023 жылдың қазан айында басталып, 2024 жылы аяқталды. Орталықта жұмыс істеуге 50-ден астам қосымша білім беру педагогтары тартылды.

Бүгінгі таңда өңірде өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалуда. Бұған дейін 800 балаға арналған шығармашылық орталық Ертіс ауданында ашылған болатын. Қыркүйек айында Павлодар қаласында «Алтын сақа» балалар шығармашылығы және демалыс орталығы ашылды.

Автор: Caravan.kz