Парламенттің жұмысын қорытындылаған мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, бес жыл ішінде парламент "еліміздің заңнамалық базасын түбегейлі жаңалауға бағытталған бірқатар іргелі заңдар жобасын қабылдады". "Бұнымен шектелмей, қазір күшіне енген көптеген заңнамалық актілердің шынайы әлеуеті уақыт өте келе лайықты бағаланады дегенге кәміл сенемін. Әсіресе бұл еліміздегі бүкіл заңдар толыққанды орындала бастаған жағдайда тіптен айқын сезілетін болады",- деді мәжіліс төрағасы.
Ж.Тұяқбайдың пікірінше, "өткен бес жылда қазақстандықтардың басым бөлігі елімізді шынайы саяси модернизациялау қажеттігін бағамдауы" парламент іс-қызметінің ең басты нәтижесінің бірі болмақ. "Біз республика парламентіне бақылау құзыретін, соның ішінде бірінші кезекте мемлекеттік бюджеттің жұмсалуы мен атқарушы биліктің заңға бағыну жағдайын қадағалау мүмкіндігін берудің маңызына көз жеткіздік",- деді ол. Мәжіліс төрағасының айтуынша, "бұл - дүниежүзінде жалпылай мойындалған аксиома және уақыт өте келе онсыз тек толыққанды заң шығару процессін ғана емес, сонымен бірге өкілеттілік билік ұғымының өзін көзге елестету қиындай түспек".
Ж.Тұяқбайдың пікірінше, "осынау маңызды шарттарды жүзеге асырушы ең маңызды тетік - саяси партиялар". Сол себепті, мәжіліс төрағасының пікірінше, "сайлауға партиялық тізім бойынша қатысу аясын кеңейту арқылы партиялардың билік жүйесіне араласуына мейлінше қолайлы жағдайларды қамтамасыз етіп, партиялар үшін сайлану межесін 5 процентке дейін кеміту қажет".
"Саяси модернизациялау жолдары мен тәсілдері баршаға белгілі. Ендігі жерде оларды бос мылжыңға айналдырып жібермей, таяу арада нақты жүзеге асыруға қол жеткізген жөн",- деді ол.
Сөз соңында мәжіліс төрағасы "үшінші шақырылымда жұмысты одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алған депутаттарға үлкен үміт артып отырғанын" атап өтті.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, үшінші шақырылған парламенттің жұмысы 3-қарашада басталады.