"Біз осыдан бес жыл бұрын Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік саласы қайта жаңғыра бастаған тұста жұмысқа кірістік. Бұл кез бізден мемлекетіміз үшін жаңаша тұрпаттағы құқықтық-нормативтік актілерді - тұрақты нарықтық даму заңдарын қабылдауды талап етті",- деді Ж.Тұяқбай.
Палата жетекшісінің айтуынша, екінші шақырылған парламенттің жұмысы барысында мәжіліске 790 заң жобасы келіп түсті. Оның 613-ін үкімет, 177-сін парламент депутаттары жобалады. 11 заңды мемлекет басшысы шұғыл заң деп жарияласа, 15 заңға басымдық берілді. ҚР парламентінің мәжілісі осы мерзімде 225 жалпы отырыс өткізіп, 603 заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады. 5 жылда 25 заң жобасы кері қайтарылса, 86 жобаны бастамашылардың өздері кері қайтарып алған.
"Біз талқылаған заң жобаларының басым бөлігі экономикалық өзгерістерге бағытталғаны заңды құбылыс",- деді мәжіліс спикері.
Ж.Тұяқбайдың ақпаратына сәйкес, қабылданған 78 заң акционерлік қоғамдар мен табиғи монополия субьектілерінің іс-қызметін реттеуге, мұнай өнімдерін өндіру және оның айналымын мемлекеттік реттеуді, сауда-саттық, мемлекеттік сатып алу, көлік және коммуникациялардың жұмыс істеуін, лицензия беру, ақпараттандыру және инновациялық қызмет мәселелерін реттеу жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
"Заңнамаларды жаңарту нәтижесінде біз отандық қаржы жүйесін әлемдік стандарттар талабына мейлінше жақындата алдық",- деді Ж.Тұяқбай. Оның айтуынша, парламентте банк, аудиторлық, есепшілік, несиелік серіктестіктер мен ипотекалық несие беру саласына қатысты 54 заң қабылданған. Сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық құрылыс саласында қабылданған 47 заң қазақстандықтардаң Конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге, адам мен азаматтардың бостандығын қамтамасыз етуге қызмет етті. Ж.Тұяқбайдың айтуынша, шақырылым уақытында депутаттар 200-ден астам халықаралық конвенциялар мен келісімдерді бекітті. Олар негізінен халықаралық экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, қылмыспен бірлескен күреске, аналар мен балалардың денсаулығын қорғауға, экологиялық тауқыметтерді шешуге бағытталған.
Ж.Тұяқбайдың айтуынша, сондай-ақ, екінші шақырылым мерзімінде депутаттар кодекстік сипаттағы 7 заңды, атап айтсақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы, салық, кеден, жер, орман, су және бюджеттік кодекстерді қабылдады.
"Қазақстанның заң шығарушылық тәжірибесіндегі осынау бірегей құбылыс еліміздің заңнамалары шын мәнісінде сапалық жоғары деңгейге көтеріліп, тұрақты дамуға біржола ден қойған мемлекеттің заңнамасына айналғанына дәлел болмақ",- деді палата спикері.