Еңбек нарығындағы әйелдердің рөлі жылдан-жылға артып келеді. Ұлттық статистика бюросының жаңа деректері елдегі жұмыспен қамтылған әйелдер санының көбейгенін көрсетеді. Десе де, мұндай мәліметтер еңбек нарығындағы гендерлік теңдік мәселесін толық көрсете бермейді. Сондықтан бұл материалда Caravan.kz медиа порталының тілшісі статистикаға сүйене отырып, жағдайды толық саралап шықты.
Қазақстанда қанша әйел еңбек етеді?
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың І тоқсанындағы мәліметіне сай, Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдердің саны 4 млн 527,1 мың адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,6 мың адамға немесе 0,9 пайызға көп. Олар дәстүрлі түрде білім беру мен денсаулық сақтау салаларында басымдыққа ие, десе де, соңғы жылдары өнеркәсіп, көлік, логистика және жылжымайтын мүлік сияқты бұрын ерлер басым болған салаларда да белсенді жұмыс істей бастады.
Олардың ішінде 3 млн 602 мың әйел (79,6%) жалдамалы қызметкер ретінде еңбек етеді. Ал 925,1 мың әйел немесе 20,4 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады.
Басқаша айтқанда, Қазақстанда еңбек ететін әрбір бесінші әйел өз кәсібін жүргізеді немесе тәуелсіз еңбек қызметімен айналысады. Бұл қатарға кәсіпкерлер, шағын бизнес иелері, жеке практикамен жұмыс істейтін мамандар мен фрилансерлер кіреді.
Алайда сарапшылар өзін-өзі жұмыспен қамту көрсеткішін бағалағанда оның ерекшелігін ескеруге кеңес береді. Себебі бұл санатқа тұрақты кәсіпкерлікпен қатар ұсақ сауда, жеке қосалқы шаруашылық, маусымдық немесе тұрақты әлеуметтік кепілдіктері жоқ жұмыс түрлері де енгізіледі.
Қай өңірлерде әйелдер көп?
Жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі бірқатар өңірде тіркелді. Атап айтқанда:
Сонымен қатар әйелдердің басым бөлігі қалалық жерлерде еңбек етеді. Қалаларда жұмыспен қамтылған әйелдер саны 3 млн 8,5 мың адамды құрайды. Бұл қала экономикасында қызмет көрсету саласының кеңірек дамуы мен жұмыс орындарының көп болуымен байланысты.
Әйелдер көбіне қай салаларда жұмыс істейді?
Әйелдердің жұмыспен қамтылуы негізінен бірнеше дәстүрлі салада шоғырланған.
Ең көп әйел еңбек ететін сала – білім беру. Бұл бағытта 902,2 мың адам, яғни барлық жұмыспен қамтылған әйелдердің 19,9 пайызы жұмыс істейді.
Екінші орында көтерме және бөлшек сауда тұр. Бұл салада 877,6 мың әйел немесе 19,4 пайыз еңбек етеді.
Үшінші орында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету орналасқан. Мұнда 426,3 мың әйел жұмыс істейді.
Сондай-ақ әйелдердің едәуір бөлігі:
Жалпы алғанда, білім беру мен сауда салаларының өзінде барлық жұмыспен қамтылған әйелдердің 39,3 пайызы жұмыс істейді. Ал алғашқы бес сала әйелдер жұмыспен қамтылуының 65,1 пайызын қамтиды. Яғни, еңбек нарығында әйелдердің рөлі әлі де әлеуметтік бағытта және қызмет көрсету салаларында басым екенін көруге болады.
Әйелдер жаңа салаларға бет бұрып жатыр
Дегенмен еңбек нарығында өзгерістер де байқалады. Әйелдердің дәстүрлі кәсіптерден бөлек техникалық және өндірістік салалардағы үлесі де біртіндеп өсіп келеді.
Жылдық өсім ең жоғары болған салалар:
Әсіресе көлік, логистика және өнеркәсіп салаларындағы өсімге назар аударған жөн. Себебі бұл бағыттар ұзақ уақыт бойы ерлер басым еңбек ететін салалар ретінде қабылданып келген. Жаңа көрсеткіштер еңбек нарығындағы гендерлік шектеулердің біртіндеп азайып, әйелдердің кәсіби таңдауы кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
Статистика нені көрсетпейді?
Жарияланған мәліметтер әйелдердің еңбек нарығындағы жағдайын толық сипаттай алмайды. Мәселен, статистикада әйелдердің қаншасы басшылық қызмет атқаратыны немесе компаниялардың жоғары басқару құрамында жұмыс істейтіні көрсетілмеген. Көптеген салада әйелдер саны басым болғанымен, шешім қабылдайтын лауазымдардағы үлесі әлдеқайда төмен болуы мүмкін.
Сондай-ақ ана болудың еңбек нарығына әсері де есепке алынбаған. Баласы жоқ әйелдердің, көпбалалы аналардың немесе үш жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейі айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Бұдан бөлек, үй шаруасын жүргізу, бала тәрбиесі мен қарттарға күтім жасау сияқты ақы төленбейтін еңбек ресми жұмыспен қамту көрсеткішіне кірмейді. Алайда дәл осы міндеттер көптеген әйелдің еңбекке араласуына, жұмыс уақытын таңдауға және мансаптық өсуіне тікелей ықпал етеді.
Қазақстан халықаралық рейтингте қалай көрінеді?
Халықаралық еңбек ұйымы (ILO) мен Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2025 жылы Қазақстанда әйелдердің еңбек күшіне қатысу деңгейі шамамен 62,6 пайызды құрады.
Аталған көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда төрт пайыздық тармаққа төмен, алайда әлемдік орташа деңгейден (51,4%) айтарлықтай жоғары.
Салыстырмалы түрде:
Ал Еуропалық одақта 2025 жылы 20-64 жас аралығындағы әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейі 71,3 пайызды құрады. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 80,9 пайыз, ал гендерлік алшақтық 9,6 пайыздық тармақ болды.
Әйелдердің жұмыспен қамтылуы ең жоғары елдер қатарында Эстония (81,4%), Литва (80,3%) және Швеция (79,8%) бар. Ал ең төмен көрсеткіштер Италия, Румыния және Грекияда тіркелген.