Ел экономикасына үлес қосып отырған аймақ

Ауданның тағы бір әлеуетті бағыты – бау-бақша шаруашылығы. Облыстағы бақ алқаптарының 44%-дан астамы, 2,3 мың гa жер Панфилов ауданында орналасқан. Мұнда жалпы сыйымдылығы 8,5 мың тонна болатын 8 жеміс сақтау қоймасы бар. Сонымен қатар аумағы 1 гектарды қамтитын «ҚазГеоТерм» жылыжай кешені жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауданның агроөнеркәсіп кешеніне 1,9 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 1,7 есеге артты. Дегенмен облыс әкімі өндірілген өнімді қайта өңдеу үлесін арттыру қажеттігін атап өтіп, тауарлы сүт, ет, құс фермаларын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Оған қоса «Жаркент Фрукт» ЖШС қызметкерлерінің еңбекақы мәселесін жақын мерзімде шешу міндеттелді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде аудандиқандары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 512 млн теңгеге 28 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. «Кең дала–2» бағдарламасы аясында 31 шаруашылыққа 394 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

«Панфилов ауданында газдандыруға жататын 26 елді мекен бар. Бүгінде Жаркент қаласы толық табиғи газға қосылған. Қалған 25 елді мекенге қатысты жұмыстар жалғасып жатыр, олардың 12-сінде құрылыс аяқталған. Ават, Ақкент, Нәдек ауылдарына көгілдір отын жеткізілді. Жыл соңына дейін аудан елді мекендерінің тең жартысы газ игілігін көреді. Қалған 13 ауылда ауылішілік газ тарату желілері жүргізіледі. Нәтижесінде, биыл аудан халқының 85%-ы табиғи газға қол жеткізеді», – дейді аудан басшысы.

Кейінгі жылдары Панфилов ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Денсаулық сақтау саласында екі жыл ішінде 18 нысан бой көтеріп, 3 мекеме күрделі жөндеуден өтті. Алыс ауылдарға келген 17 жас дәрігерге 135 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Ауданның түрлі елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер салынды. Сонымен қатар аудандық аурухананың күндізгі стационары жөнделіп, негізгі ғимаратты қалпына келтіру мен жаңа блок салу жұмыстары басталды. Бұл нысандар биыл пайдалануға беріледі.

«Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 2024–2025 жылдары аудандық аурухана мен бірқатар ауылға 6 санитарлық автокөлік беріліп, 13 заманауи медициналық құрал жеткізілді. Білім саласында да оң өзгерістер бар. Жаркент қаласында 1 200 орындық жаңа мектеп салынды, Талды ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Қазірде Сұптай ауылында 120 орындық мек­тептің құрылысы жүріп жатыр. Мәдениет, спорт саласында да жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Тұрпан ауылындағы мәдениет үйі жөнделіп, Үшарал, Көктал ауылдарында заманауи спорт кешендері ашылды», дейді аудан әкімі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Панфилов ауданы облыстағы ең үздік аудан атанды. Бұл межеге Қаратал ауданы да жақын тұр. Қос ауданның экономикасы әртараптанып, шағын және орта бизнес дамып келеді.

Автор: Caravan.kz