Ел тұрғындарының үштен бірі үйін несиеге алады

Қазақстанда ипотека алатын халық саны күн санап өсіп барады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

БКБ аналитика орталығы берген мәліметке сүйенсек, қазан айында банктер 12.9 мың ипотека рәсімдеген. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда 11 % жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Krisha.kz сайты жазды.

Жалпы қазан айында 39 143 сатып алу-сату мәмілесі жасалды. Демек, баспаналы болғандардың үштен бір бөлігі мүлкін несиеге алған.

Күздің екінші айындағы жалпы ипотека сомасы 220.1 млрд теңге құрады. Бұл алдыңғы айдан 9 % көп.

Қазір елде 585 мың адам ипотека төлеп отыр. Кей тұрғынның тіпті бірнеше тұрғын үй қарызы (жалпы келісімшарт саны — 612 мың) бар.

Ипотека алғандардың жалпы қарызы 6.4 трлн теңге шамасында.

Қазанда несие нарығында не болды?

- Несие қамытын кигендердің саны 9 миллионнан асып кетті.

- Бір басында бірнеше кредиті ба адам да аз емес. Ел тұрғындары банктерге 37.2 млн теңге берешек.

- Кепілсіз несие алушылар күрт азайып, көрсеткіш 17 % түсті.

- Тұтынушылық, автомобиль, ипотека және басқа түрлерін қосқанда, жеке тұлғалар рәсімдеген кредит портфелінің көлемі 6 % кеміді.

- Автокредит саны алдыңғы аймен салыстырғанда 32 % өсті.