«АӨСШК негізінде тиімді қызмет ететін Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын (АҚДҰ) құру қажет. Ол Киевтегі төңкеріске тосқауыл бола алмай отырған ЕҚЫҰ-ға бәсекелес ұйым болуы тиіс», - деді ол.
Н.Назарбаевтың атап өтуінше, Шығыстан бөлініп, өзара ынтымақтастық пен түсіністік орнатпастан, шығыс халықтарының дәстүрлері мен құндылықтарын ескермей, Батыс орнықты түрде дами алмайды, ақиқатты іздеуге монополия орната да алмайды. «Алты жыл бұрын әлемді жайлаған жаһандық дағдарыс ешқайда да кеткен жоқ. Ол бірінен соң бірі әр түрлі салаларға еніп, қанатын жайып келеді: қаржы, экономика, әлеуметтік-саяси және тіпті мәдени-рухани салаға да жетті. Бұл - барлық тараптардың және әлемді дамытудың ескірген моделінің дағдарысы. Бұл - жалпыөркениеттік жүйелік дағдарыс. Сондықтан біздер, Азия елдері, құрлықты бейбіт жолмен дамыту мәселесімен өзіміз айналысуымыз қажет. Осы үдерісте АҚДҰ маңызды құрал болуы ықтимал», - деді ҚР Президенті.
«АӨСШК-ға мүше-мемлекеттердің көшбасшыларын осы мәселені шешуді кейінге қалдырмауға шақырамын. Конфуций айтпақшы «Өзара сенім - достық негізі». Осы қанатты сөз болашақ халықаралық ұйымның ұранына айналуы мүмкін», - деп атап өтті Н.Назарбаев.