Елбасы Ақтөбе облысына барады

Сапар барысында президент облыс орталығында салынып жатқан 10 қабатты үйдің құрылысымен танысады. Осынау көп қабатты үйдегі 30 пәтер Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне беріледі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Елбасы құбыр өндіретін зауыттың тұсаукесеріне қатысып, Ақтөбедегі "Қазхром ТҰК" АҚ ферроқорытпа зауытында болады деп межеленген.
Сонымен бірге мемлекет басшысы "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның Ақтөбедегі филиалының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысады.
Сапар барысында Елбасы кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің жалпыұлттық "Атамекен" одағының филиалы өкілдерімен кездесіп, студент жастардың слетіне қатысады. Слетте облыс аясында құрылысшы топтарды құру жөніндегі жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланады.