Аталған фильмнің таныстырылымына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда. Фильмнің авторлары Шахи Марден Құсайынов және Рүстем Әбдіраш. Фильмнің сценарийі Н. Назарбаевтың «Без правых и левых», «Әлем кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты шығармалары желісімен жазылған.
Айта кетейік, фильм 2011 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында шығарылды. Фильмнің режиссері Р. Әбдіраштің айтуынша, аталған туындыны түсіруге 2 жылға жуық уақыт өтті. «Фильмді түсіруді бастау кезінде кейбір қиындықтар болды. Себебі, Елбасымызды халықтың барлығы біледі. Сондықтан Мемлекет басшысына ұқсайтын, яғни сомдай алатын актерлерді іріктеу оңайға түскен жоқ. Актерлерді іздеу кезінде түріне, қимыл әрекетіне ерекше назар аудардық», - деді режиссер.
Айта кетейік, фильм негізінен Алматы облысы аумағында түсірілді. «Жалпы аталған туынды Елбасының балалық кезіне арналған. Онда, Н. Назарбаевтың балалық шағы, ата-анасына, сол кездегі елдің жағдайына ерекше мән берілген. Атап айтқанда, фильмде сол кезеңнің портреті қамтылды деп санаймын. Яғни, бұл тұтас бір буынның тағдыры», - деді Р. Әбдіраш.
Режиссердің пайымдауынша, «Балалық шағымның аспаны» көркемфильмі әр жастағы көрермен үшін қызықты болмақ.
Фильмнің Қазақстанның кинотеатрларында кеңінен көрсетілімі биылғы 14 сәуірге жоспарланып отыр.