«Дүниедегi ең үздiк техниканың барлығын алып келдiк. Табысты болсын, құтты болсын», - дедi аурухана ұжымымен кездескен Н.Назарбаев.
ҚР Президентi өз сөзiнде жаңа ауруханаға бүкiл Қазақстан мен шетелден азаматтар ем-дом алу мақсатында келетiндiгіне сенiмiн бiлдiрдi.
«Бұл туралы халық бiлген соң осында келедi. Бiз бұл нысанды 3-4 жыл бойы салдық. Өте сапалы салынған. Мұнда қажеттi техниканың барлығы бар. Мемлекет өз тарапынан қолынан келгенше бар жағдайды жасап отыр: кешендi, функционалды жақсы ғимаратты салды, әлемде бар ең жаңа заманауи құрал-жабдықтарды сатып алдық. Тiптi, батыстағы дәрiгерлердің көбiнде мұндай құрылғылар жоқ. Мұнда өте жақсы диагностика жүргiзiлетiн болады. Бұған қоса, дәрiгерлердің бiлiктiлiгiнiң де маңызы өте зор. Мұның барлығы Қазақстандағы халықтың денсаулығы мен игiлiгiне қызмет ететiн болады»,- деп атап өттi Мемлекет басшысы.
Аурухана ұжымы өз кезегiнде Елбасына заманауи кешеннiң құрылысы үшiн алғысын бiлдiрiп, жұмысқа бар бiлiмi мен бiлiктiлiгiн салатынына уәде бердi.
«Бүгiнгi күнi бiздiң жұртшылық Еуропаға, Германияға, Австрияға, Кореяға барады, қолынан келгенi Америкаға барады. Ендi осында келетiн болсын. Егер де осы клиникадан шығып жатқан аурулар барлығы жақсы деп айтатын болса, атақтарың жайылып, жер жарады, содан кейiн бәрі келетiн болады. Медициналық ағын ендi бiзге келуi тиiс», - деп түйдi өз ойын Мемлекет басшысы.
13 ғимаратты қамтитын, бір ауысымда 1000 адам қабылдайтын 4 емханасы, 35 құрылымдық бөлімшесі, сондай-ақ 200 орындық стационары бар кешеннің жалпы аумағы 84 мың шаршы метр болады. Кешен бөлімшелері озық медициналық техникалармен жабдықталған.
Кешен құрамына бірегей диагностикалық блок және ядролық медицина бөлімшесі кіреді. Ғимарат пен оның инфрақұрылымының жұмысын қамтамасыз ететін негізгі жүйелердің мониторингі мен басқарылуы автоматтандырылған.
Мекемеде жоғары білікті мамандар, соның ішінде медицина ғылымдарының 11 докторы мен 24 кандидаты жұмыс істейді. Дәрігерлердің жартысынан астамы жоғары санатқа ие.