Елбасы Астрахань облысының губернаторын қабылдады

Елбасымен кездесуден кейін өткізілген баспасөз мәслихатында А.Жилкин Н.Назарбаевқа "ресми сапармен келіп қайтуға өз басымен шақырғаны үшін" ризашылық білдірді. Оның айтуынша, Астрахань өңірінен онымен бірге "ауқымды өкілдер тобы келген. Олар аймақ экономикасын қалыптастыратын негізгі сала өкілдері". "Экономика салалары Қазақстан президентінің елді дамытуға қатысты үкіметтің алдына қойған мақсаттарына сәйкес іріктелді",- деді облыс губернаторы. Оның айтуынша, "Астрахань облысы Қазақстанмен ынтымақтастыққа дайын".

Губернатодың хабарлауынша, Елбасымен кездесуде "Астрахань облысының Қазақстандағы флот саласын аяғынан тұрғызуға және осы флотты іске қосатын мамандарды дайындауға атсалысу мүмкіндіктері талқыланды". "Сонымен бірге Каспийдің солтүстігіндегі Қазақстанға қарасты кеніштерді жайластыруға қатысу, Шығыс-Батыс дәлізін толыққанды іске қосуға мүмкіндік беретін Қиғаш өзені арқылы көпір салуды жылдамдату мәселелері талқыланды. Бұл көпір Астрахань облысы мен Қазақстан арқылы өтетін жүк ағынын бірнеше есе өсіруге жол ашпақ".
Сонымен бірге губернатордың айтуынша, "кездесуде Астраханьдағы мұнай терминалдары арқылы мұнай тасымалдау мүмкіндіктері төңірегінде де сөз қозғалды". "Президент Астрахань облысы темір жол және автокөлік өткелектері арқылы жұмыс істеуге дайын ба деген сауал қойды. Екі ортада қазір автоколонна жұмыс істейді. Қазір біз Ақтаумен арада осындай байланысқа шықтық. Ал бір жылдан кейін біз Каспий теңізі арқылы жіберілетін кемелерде темір жол составтарына қызмет көрсетуге дайын боламыз",- деді ол.