"Әзербайжан халқы ауыр қазаға ұшырады. Қазақстан халқы сіздердің бұл қайғыларыңызды бөліседі. Ұлы саяси қайраткер, өткір ақыл иесі әрі сүйкімділігімен басқаны өзіне тарта білген қадірлі адам өмірден озды. Гейдар Әлиевич Әзербайжан Республикасы үшін, ТМД-ны одан әрі ілгерілету үшін, Қазақстан мен Әзербайжан халықтары арасындағы сан ғасырлық достықты нығайту үшін көп еңбек сіңірді",- делінген жеделхатта.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін, 13-желтоқсанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бұрынғы ел президенті Гейдар Әлиевтің қайтыс болуына байланысты жеті күндік қаралы күн жариялау туралы жарлыққа қол қойды.
Жұма күні АҚШ-тың Огайо штатындағы Кливленд қаласы ауруханасында қайтыс болған Гейдар Әлиевтің мүрдесі 14-желтоқсан, жексенбіде Бакуге жеткізіледі. Ал бұрынғы президент дүйсенбі күні Әзербайжан астанасындағы құрметті адамдардың бейіттері орналасқан Аллеяда жерленеді деп күтілуде.
Г.Әлиев 6-тамызда күрделі жүрек ақауы және бүйрек ауруы деген диагнозбен Кливленд клиникасына жатқызылған болатын. Г.Әлиев жұма күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 10-да (Мәскеу уақытымен сағат 18-де) көз жұмды. Ол 80 жаста болатын.