Елбасы БҒМ-ға жаңа нысандар тұрғызғанша, алдымен апатты жағдайдағы мектептерді қалпына келтіруді тапсырды


Ақорданың ресми сайтынан хабарлағандай, Нұрсұлтан Назарбаев биыл білім және ғылым саласын дамытуға 1,5 триллион теңге бөлінгенін атап өтті. Алайда мектепте орын жетіспеушілігі, үш ауысымда оқыту сақталып отыр, апатты жағдайдағы мектептер әлі де бар. Осыған байланысты құрылысқа, соның ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынатын нысандарға бөлінетін қаражаттың тиімді пайдаланылуын қадағалау қажет.

- Шығыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 52 мектеп бар, сөйте тұра 2013 жылы бюджеттік емес көздер есебінен 1,5 миллиард теңгеге өңірде Бокс және күрес сарайы салынған. Оңтүстік Қазақстан облысында  апатты жағдайдағы 48 мектеп бар, бірақ бюджеттік емес қаржы көздері мен жергілікті бюджет есебінен 2012-2013 жылдары 500 миллион теңге Салтанат залына бөліпті. Қызылорда облысында  апатты жағдайдағы 25 мектеп бар, бірақ өткен жылы Мұзайдын құрылысына 1,3 миллиард теңге жұмсалған. Бұл нысандардың барлығы да халыққа қажет, бірақ алдымен апатты жағдайдағы мектептерді қалпына келтіріп, үш ауысымда оқытуды жою сияқты ең қажеттілерін анықтап алған жөн, - деді Мемлекет басшысы.