Елбасы Германия сауда-өнеркәсіптік палаталары бірлестігінің президентімен кездесті

Л.-Г.Браунның кездесуден кейін журналистерге хабарлауынша, республика президентімен кездесу барысында "Қазақстанда ықпалды сауда-өнеркәсіптік палата" құру мәселесі талқыланған. Л.-Г.Браун Н.Назарбаевқа Германияның "айрықша маңызды функциялар атқаратын" сауда-өнеркәсіптік палаталары туралы әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, сауда-өнеркәсіптік палаталар құрудың Германиялық үлгісі оған ел кәсіпкерлері мен кәсіпорындарының жаппай міндетті түрде мүшелікке өтуін қарастырады. Сондай-ақ, Германияның сауда-өнеркәсіптік палаталары экономиканың түрлі салаларындағы "сан алуан субьектілер арасындағы дау-дамайды шешетін" сарапшыларды тағайындау міндетін де қоса атқарады.
Кездесу барысында Қазақстан президенті мен Германия сауда-өнеркәсіптік палаталары бірлестігінің президенті екі елдегі шағын және орта бизнесті қолдау және кәсіптік-техникалық білім беру мәселелерін де сарапқа салды. Л.-Г.Браунның айтуынша, "шағын бизнестің дамуы заңнамалық негізге және оның жұмыс істеу жағдайына тікелей байланысты". Оның пікірінше, "бұл тұрғыда Қазақстанда шағын бизнеске аса қолайлы жағдай жасалған".
Л.-Г.Браун бүгінгі кездесу "екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға айрықша ықпал жасайды" дегенге сенім білдірді.