Елбасы ГФР елшісінің сенімхатын қабылдады

Кездесуден кейін журналистерге арнап өткізілген баспасөз мәслихатында Г.Вайс өзінің "Қазақстан мемлекет басшысымен достық ауанда салиқалы әңгіме-дүкен құрғанын" хабарлады. "Президент неміс фирмаларын индустриялық даму тұжырымдамасын жүзеге асыруға шақырды",- деді ол. Сонымен бірге елшінің айтуынша, "неміс кәсіпкерлерінің Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндіктері" сарапқа салынды.

Г.Вайстың айтуынша, кездесуде халықаралық әуе желілерін Алматыдан Астанаға көшіру мәселесі де қозғалды. "Менің түсінуімше, президент бұл мәселе бойынша екі жаққа бірдей тиімді шешім қабылдауға талпынып отырғанға ұқсайды"- деді ол. "Екі ел арасында бірегей байланыс орнаған. Германия Қазақстанның тек экономикалық дамуына ғана емес, сонымен бірге саяси реформалар саласында да қолдау көрсетуге дайын",- деді Г.Вайс. "Саяси тұрғыда екі Германияның бірігуіне алып келген факторлар Қазақстанның да тәуелсіздік алуына түркі болғанын естен шығаруға болмайды",- деді ол.
Елші сонымен бірге Елбасымен кездесудің Ұлы Отан соғысының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілуі кездейсоқ емес екенін жеткізді. "Біздер, немістер үшін тарихтағы осынау жантүршігерлік соғыс үшін жүктейтін өз жауапкершілігімізді , ел ішінде саяси бостандық жоқ жерде авторитаризмге жасалған қастандық пен диктатураның арасы қас пен көздің арасындай жақын екенін ұмытпаудың маңызы зор",- деді ол.
"Ұлы Отан соғысының ардагерлері өз отанын фашизмнен құтқаруға қатысты және бұл Германияны құтқару оқиғасының бір бөлігі болатын. Сол үшін де біз оларға ризамыз",- деді Г.Вайс. Елші сонымен бірге Жеңіс тойына орай Қазақстанда өткізілетін салтанатты шараларға қатысатынын, ал ГФР канцлері Герхард Шредердің Мәскеудегі осындай салтанатқа қатысатынын хабарлады.