Президенттің пікірінше, Қазақстан ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институттарымен "білім және ғылым министрлігінің айналысуы дұрыс емес". "Дүниежүзінде ғылым саласы университеттерде шоғырланған",- деді Н.Назарбаев. Елбасының пайымдауынша, Қазақстанда да осындай тәжірибе қолданылуы тиіс.
Сондай-ақ, президент республикамызда "элиталық университеттер тобын" құруды ұсынды. Н.Назарбаевтың пайымдауынша, бұл "тиісті оқыту базасымен, әкімшілік орталықтарымен және таңдаулы оқытушыларды жұмысқа тарту мүмкіндігімен, кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген бес-алты жоғары білім ошағы болуы тиіс". "Мұндай білім ошақтарының ректорлары президенттің жарлығымен тағайындалуы тиіс". Елбасының пікірінше, республикада "таңдаулы мамандарды дайындайтын үлгі тұтарлық білім ошақтарын құру қажет". "Нақты ғылыммен университеттер айналысқан жағдайда ғана ғалымдардың жаңа буынын өсіре аламыз",- деді Елбасы. "Дегенмен, қазір де елімізде жеткілікті ғылыми потенциал бар",- дейді Н.Назарбаев.
Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылым саласының қазіргі ахуалы мен даму ағымдары туралы ұлттық баяндаманы жыл сайын әзірлеуге тиіс деген пікірде Елбасы.
Сондай-ақ, президент "жоғары оқу орындарының бюджеті тек оқыту төлемінен ғана құралмай, оқытушылар мен студенттердің ғылыми жобалары мен ғылыми сараптамалық жұмыстарынан түскен пайданың да жемісін көру үшін білім ошақтары инновациялық іс-қызметпен де айналысуы қажет екенін" атап өтті. "Мемлекет тарапынан ғылыми-инновациялық саясатты белсенді жүргізуді, ғылым саласында құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруды, іргелі және қоданбалы ғылыми зерттеулерді мемлекет тарапынан қаржыландыру көлемін ұлғайтуды уақыт талап етеді",- деді Н.Назарбаев. Сонымен бірге "ғылым саласын бюджеттен қаржыландыру көлемі артса да, бұл процесстерге жеке бизнесті де жұмылдыруды естен шығармау абзал". "Бұл - қиын міндет. Дегенмен, қолайлы жағдай жасап, ғылыми капиталды коммерциялық арнаға бұру үшін оның қажеттігі зор",- деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, президенттің айтуынша, "Қазақстан өзінің ғылыми потенциалын ұлттық экономикамен байланыс жоқ жерде сақтап қала алмайтынын, ал экономика ғылымға арқа сүйемейінше бәсекелестік қабілетке ие бола алмайтынын бағамдауы тиіс".