Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Роуханидың елімізге мемлекеттік сапары аясында Ақордада өтіп жатқан кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев осылай мәлімдеді.
Ең алдымен Елбасы мәртебелі мейманның елімізге келген қадамына құтты болсын айтып, сапарына сәттілік тіледі.
«Бұл біз үшін аса маңызды оқиға. Өзіңізбен бірге осындай кең ауқымды делегацияны ертіп келдіңіз. Бұл бізге деген Сіздің көңіліңіз, бұған ризашылық білдіреміз. Қазақстан Иран Ислам Республикасын өзінің әлемдегі маңызды әріптестерінің бірі, Каспий жағалауындағы тату көршісі ретінде қарастырады», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Президент Иран елінің алдында тұрған үлкен проблема - ядролық бағдарлама мәселесінің жеңіспен аяқталатынына, келісімге жететіндігіне сенім білдірді.
«Бұлар Иран мемлекетінің экономикасының дамуына, біздің қарым-қатынасымызға зор септігін тигізетіні белгілі», - деді Н.Назарбаев.
Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы аясындағы келіссөздерге өз аумағын ұсынуға әрқашан дайын. «Иран мен алтылық елдері форматындағы ядролық мәселелер жөніндегі келіссөздер баршамыздың бақылауында тұр. Жалпы Иранның ядролық бағдарламасы аясындағы қазіргі келіссөздер барынша маңызды. Бұның нәтижесінде тиімді шешімдер қабылданып, Иран елінен санкциялар алынатын болса, онда ең алдымен Иранның өз жағдайы көтерілетін болады», - деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуына қарағанда, Иран дүниедегі мұнай қорында үшінші орында тұрса, газ қорынан әлемде бірінші орында тұр.
«Осының барлығы Иран халқының жағдайын көтеруге жақсылық жасайтын еді, елдің экономикасы көтеріліп, сауда-саттық жанданатын еді. Сондықтан, мен Иранның жүргізіп отырған келіссөздеріне үлкен табыстар тілеймін. Бұған қай уақытта да атсалысуға, Қазақстан келіссөздер үшін өз аумағын ұсынуға әрқашан дайын», - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан-Иран өзара ықпалдастығын бұдан әрі дамыту мен нығайтудың негізгі жолдары мен тетіктері нақтыланды.
Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы бес есеге артуы тиіс - Х. Рухани
Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы бес есеге артуы тиіс. Бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуінен кейін баспасөз мәслихатында осылай мәлімдеді.
«Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымына келсек, екі елдің арасындағы сауда-саттық бес есеге дейін артуы керек. Бүгінгі жоғары деңгейде қабылданған шешімдерді біздің министрлер жіті бақылауда ұстаса, ондай көлемге де қол жеткізуге болады деп сенемін», - деді Иран Президенті.
Сонымен қатар, Х. Рухани жоғары деңгейдегі кездесу барысында Каспий теңізіне қатысты мәселелер де талқыланғанын атап өтті. «Біз кездесу барысында Иран мен Кедендік одақ арасындағы ынтымақтастық мәселелерін де талқыладық. Жалпы, Иран Ислам Республикасы Қазақстанды әрқашан өзінің жақын досы, тату көршісі ретінде санайды», - деді Х. Рухани.
Қазақстан мен Иран нақты жобаларды іске асырады. Бұл туралы бүгін Ақордада Иран Ислам Республикасының (ИИР) Президенті Хасан Руханидың қатысуымен өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселесіне тоқталған Елбасы «Иран елінің қатысуымен бірталай инвестициялық жобалар іске асырылатын болады»,- деді.
Мысалы, Қызылорда облысында шыны зауытының құрылысы, Қостанай облысында глиназем өндіру, Қарағандыда гидрометаллургия зауыттарын салу жобалары қарастырылды.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, бұл нақты жүзеге асырылатын нысандар болып табылады.
«Екі ел арасында Каспий теңізі арқылы Своб жүйесімен мұнай айырбастау мәселесі бойынша, сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, еліміздің батыс облыстарымен Иранның провинцияларының арасындағы қарым-қатынас, ғылыми-техникалық, ақпарат салаларында да жұмыс істейтін боламыз. Бұл мәселелер жөнінде кеңінен талқылаулар жүргізілді», - деді Президент.
Қазақстан мен Иран мұнай саласындағы своп-операцияларды жаңғырту мүмкіндігіне ие. Бүгін Ақордада Хасан Рухани осылай мәлімдеді.
«Бүгін екі елдің министрлерінің қатысуымен аса жоғары деңгейлі кездесу болып өтті. Біз экономикалық, мәдени және ғылыми саладағы екіжақты қатынастың барлық мәселелерін талқыладық. Экстремизммен күресте де біз тиянақты келіссөздер жүргіздік. Маңызды мәселенің бірі Қазақстанды Түркіменстан арқылы Иранмен байланыстыратын, Каспий теңізін Парсы шығанағымен байланыстыратын теміржол турасында өрбіді», - деді ислам мемлекетінің басшысы.
Оның айтуынша, кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Соның ішінде ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбалар мен өнеркәсіпті дамыту салалары, бизнес-қауымдастық арасындағы өзара инвестициялар алмасу бағыттары қозғалды. «Энергетика саласы біздің ынтымақтастығымыздың маңызды бөлігі. Қазақстан да, Иран да ауқымды мұнай-газ қорларына ие. Біз осы саладағы тәжірибелерімізбен бөлісіп, өзара инвестициялар тартуға да назар аударамыз», - деді Х. Рухани.
Бұдан бөлек, Иран Президенті екі ел бұған дейін мұнай своп-операцияларымен айналысқанын еске сала кетті. «Алайда бұл своп-операциялар тоқтатылған. Біз осыны қайта жаңғырту мүмкіндігін талқыладық, бұл аса маңызды қадам», - деді Иран Президенті.
Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани кездесті. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан-Иран өзара ықпалдастығын одан әрі дамыту мен нығайтудың негізгі жолдары мен тетіктері талқыланды.
Атап айтқанда, сауда-экономикалық және көлік-транзиттік ынтымақтастық мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар, сапар аясында өткен келіссөздер қорытындысына орай, Қазақстан мен Иран Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Бұдан бөлек, бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Иран Сыртқы істер министрлері арасында ынтымақтастық туралы бесжылдық бағдарламаға қол қойылды.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісім жасалды. Бұдан бөлек, екі ел арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды.
Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы теміржолы 2014 жылғы қарашадағы бірінші онкүндікте ашылады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Біз екіжақты қарым-қатынастар бойынша нақты келісімдерге қол жеткіздік. Әсіресе, Каспий теңізінде салып жатқан терминалдар жайында сөз қозғадық. Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы теміржолы пайдалануға берілгеннен кейін біздің азық-түлік, бидайымызды саудалау мүмкіндігі бес есеге артады. Яғни, қазіргі кездегі 500 мың тоннадан кейін 2,5 млн. тоннаға дейін өседі. Теміржол он миллион тонна жүкті тасымалдау мүмкіндігін ашып отыр және бұл өте маңызды», - деді Президент.
Осы орайда Елбасы Иран тарапы осы жол арқылы ресейлік және қытайлық кеңістікке, ал Қазақстан Парсы шығанағының барлық мемлекеттеріне шыға алатындығын атап өтті.
Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі аралықты қамтитын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізі Иранға да зор мүмкіндік ашады. «Біз теміржол саласынан бөлек бүгінгі кездесу барысында автокөлік жолдарына арналған келіссөздер жасадық. Қазақстан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік желісін аяқтап келеді. Ал бұл автобанды Иран да өз тарапынан пайдалана алады», - деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін жететін осы транзиттік дәліздің екі ел үшін де маңызы зор. Биыл аталған халықаралық автожолдың 1200 шақырымы аяқталады.
«Осының өзі Иранның өз тауарларымен Қазақстан арқылы Қытайға, Ресейге шығуына үлкен мүмкіндік туады. Бұл бұған дейін болмаған аса маңызды жаңалық әрі осының өзі бізге тауар айналымын жақсарта түсуге деген сенімді күшейтеді. Елдеріміз арасындағы саудалық әріптестікті арттырады», - деді Мемлекет басшысы.
Биыл Қазақстан мен Ираның өзара тауар айналымы бір млрд. АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидің қатысуымен өткен Қазақстан-Иран бизнес-форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Иранмен өзара тауар айналымы соңғы кезде әлемдік экономикадағы ахуалға байланысты төмендеген болатын. Алайда, биылғы бірінші жартыжылдықта тауар айналамының өсіп келе жатқандығын байқатып отыр. Осы орайда биыл оның көлемі 1 млрд. доллардан асады деп есептеп отырмыз», - деді Елбасы.
Президент Қазақстан мен Иранның географиялық жақындығы, ортақ теңіздік шекаралар, ежелден жалғасып келе жатқан мәдени-гуманитарлық және тарихи байланыстар, сондай-ақ жоғары экономикалық әлеует екі елдің игілігі үшін екіжақты ынтымақтастыққа бағытталуы тиіс екендігін атап өтті.
Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінгі форум екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жаңа сапалы деңгейге шығаратындығына үміт артты.
«Бүгін біз экономиканың, саясаттың және өңірлік қауіпсіздіктің барлық салаларына қатысты проблемаларды көтердік. Сонымен қатар экономикалық ынтымақтастықтың басымдықты бағыттары бойынша мақсаттарды айқындадық. Бұл тұрғыда транзиттік-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, өндірістік, сауда және басқа салалардағы байланыстар талқыланды», - деді Президент.
Биыл Қазақстаннан Парсы шығанағына дейінгі темір жол құрылысы аяқталуға жақындағанына тоқталған Мемлекет басшысы, осыған байланысты алдағы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд. долларға дейін жетуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара тауар айналымы 620 млн. долларды құрады.
Сириядағы, Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыстың барлығы Ирансыз шешілмейді.
«Кездесу барысында біз өңірлік мәселелерді талқыладық. Ирак пен Сириядағы, Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыстың барлығы Ирансыз шешілмейтін болады. Иранның қазіргі алтылық мемлекеттері форматындағы келіссөздері оңтайлы жүріп жатқанына сенімдіміз. Бұл біздің қатынасымызды жоғары деңгейге көтереді», - деді Н. Назарбаев.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Хасан Рухани кездесу барысында өңіраралық, халықаралық мәселелер талқыланғанын жеткізді. «Біздің өңірде Ауғанстаннан бастап, Ирак пен Сирияға, Ливан мен Палестинаға дейінгі аралықта бірқатар проблемалар баршылық. Бұл ретте ондай проблемаларды орнықты шешіп, тұрақтылықты орнату үшін өңірлердегі барлық мемлекеттер бір-бірімен ынтымақтасулары керек. Біз Президент Назарбаевпен осы мәселелерді әңгімеге арқау еттік, келешекте де жалғастырмақ ниеттеміз», - деді Президент Рухани.
Бүгін Астанада Қазақстан-Иран бизнес-форумы аясында бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бекітілетін келісімдерде сомасы 500 млн. доллардан астам қаржыны қамтитын геология, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, туризм, логистика, құрылыс материалдарын өндіру салалары бойынша жобалар қарастырылған.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, гидрометаллургиялық зауытын салу, мыс кен орнын ашуды қарастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімдеріне, Гүлістан провинциясында астық терминалын салу, Оңтүстік Қазақстан облысындағы керамикалық зауыт бойынша ынтымақтастық туралы құжаттарына, сондай-ақ травертин өндіру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойылады деп күтілуде.
Бизнес-форумға екі ел тарапынан 250-ге жуық делегат қатысуда. Жиын барысында Қазақстан жағы Иран делегациясын елімізде жүргізіліп жатқан индустрияландыру бағдарламасымен таныстырып, аталған елдің бизнес өкілдерін жобаларды іске асыруға шақырды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының (ИИР) Президенті Хасан Руханидің қатысуымен келіссөздер жүргізілді.