Елбасы Испанияға ҚарЛагта қамауда болған 152 әскери тұтқын туралы құжаттар көшірмесін тапсырады

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

Қазақстандық тараптың шақыруымен кеше кешкісін Испания Корольдігінің Премьер-Министрі Мариано Рахой ресми сапармен келді. Қазіргі кезде Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мариано Рахойдың кездесулері өтіп жатыр.

«Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжаттарға қол қою көзделген. Сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық мұрағатындағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ҚарЛагта қамауда болған 152 испандық әскери тұтқын туралы құжаттардың көшірмесін испандық тарапқа ресми түрде беру жоспарланып отыр»,-деді ресми өкіл.

Мұнымен қоса, бүгін Мариано Рахой мен ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметовтің екіжақты ресми кездесулері көзделген. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Испания арасындағы бірқатар сауда-экономикалық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр.