Елбасы «Nur Otan» партиясының базалық 3 принципін атады

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының базалық 3 принципін атады, деп хабарлайды Caravan.kz порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

 «Nur Otan сапалық құрамы, ұлттық құрамы мен экономикалық бөліністері бойынша Қазақстанның проекциясы саналады. Сондықтан да біз халқымыздың, Қазақстан халқының гүлденуі үшін одан ары да жұмыс істеуге ниеттіміз», - деді Елбасы партияның кезектен тыс ХХ съезін қорытындылай келе.

Осы орайда Елбасы Nur Otan партиясы барлық уақытта да базалық 3 принципті басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да оған арқа сүйейтіндігін баса айтты.

«Біріншісі - жауапкершілік. Біз шынайы істер партиясымыз. Демек, жауапты саяси күш деген сөз. Яғни, айтты - істеді. Қиын сәттерде Nur Otan барлық уақытта халықпен бірге болды. Бүгінде партия елдегі шынайы билікпен байланыстырылады. Бұл бізге зор жауапкершілік жүктейді және оны түсінеміз. Nur Otan партиясынан кандидат болу, партиялық тізімнің бөлшегіне айналу - бүгін және болашақта мемлекеттің жауапкершілігін бөлісу. Екінші принцип - командалық бірлік. Партияға мүшелік - бұл басымдық емес, қоғам алдындағы міндет, отанның игілігі үшін күнделікті жұмыс. Үшінші принцип - орталық идеальдар мен мақсаттарды ұстану»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.