Мемлекет басшысы Қызылорда жеріне басқан қадамын биылғы оқу жылының басында ашылған «Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен» бастады. Жаңа мектепте облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова аймақтағы білім саласын дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Ал мектептің қызметі және білім бағдарламалары жөнінде Мемлекет басшысын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова таныстырды.
Республика бойынша 14-ші болып есігін айқара ашқан айтулы оқу орыны биылғы жылы білімде озат 553 оқушыны қабылдады. Мектеп жаңа компьютерлік жүйемен, мультимедиалық кабинеттермен, интерактивті тақталармен, инновациялық бағдарламалық жүйемен жабдықталған.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, Қызылорда қаласында биылғы жылы жазда абаттандыру және көгалдандыру бағытында жүргізілген жұмыстармен танысты.