Мемлекет басшысына мұнда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды.
Қазақстан Президенті сондай-ақ «Қаратау» жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы құрылысының барысымен танысты.
Ауданның алаңы 1600 гектар болатын аумағында мәдени-әлеуметтік, сауда-экономикалық және әкімшілік мақсатта 12 нысан салынған, тағы 26 нысанның құрылысы жүзеге асырылуда. Жалпы қалада оның архитектуралық келбетін жетілдіру, саябақтық демалыс аумақтарын дамыту іс-шаралары атқарылуда.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы заманауи стандарттарға толық сай келетін және мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайланып салынған «Түркістан» жаңа салтанат сарайын аралап көрді.
1420 адамдық көрермен залы бар бұл сарайда халықаралық және республикалық шаралар, конференциялар, салтанатты кештер мен концерттер өтетін болады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Rixos Khadisha Shymkent қонақ үйін көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Елбасына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат берілді.
186 жайлы қонақ үйді салу кезінде «жасыл құрылыстың» технологиялары қолданылды. Олар қоршаған ортаға әсерді азайтуға және энергоресурстарды тұтынуды төмендетуге арналған.
«Шымкент инновация мен индустрия мамандарының орталығына, мәдениет жақсы дамыған қалаға айналуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев ОҚО-ға барған жұмыс сапары барысында.
Мемлекет басшысы аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, тұрғындармен кездесті. Ол ірі агломерацияларды құру ел экономикасын нығайтатынын айтты.
«Елордамен бірге біз республиканың өзге қалаларын да дамытуымыз керек. Ірі қалаларда ғана ғылым мен техниканы, мәдениетті дамыта аламыз. Осы бағытта Шымкент инновация мен индустрия мамандары мекендейтін орталыққа, мәдениет жақсы дамыған қалаға айналуы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін көп жұмыс атқарылды. Бес жылда ОҚО экономикасы екі есеге ұлғайды. 300-ден астам мектеп пен 280 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды», - деді Президент.
Қалада өнеркәсіп дамып, құрылыс қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. «Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы менің бақылауымда. Бүгінде мұнда конгресс-холл мен кітапхана салынды, облыстық әкімдік ғимараты салынуда. Мұражай мен өзге де мәдениет нысандары қолданысқа берілді. Мұның барлығы халық игілігі үшін жасалып жатыр», - деп атап өтті ҚР Президенті Н.Назарбаев.
Елбасы ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтің жұмысына оң баға берді.
Еске сала кетейік, Шымкентке сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан» конгресс-орталығының, Қазақ драма театры мен «Rixos» қонақ үйінің ашылу салтанатында болды. Сондай-ақ, Президент елдің үшінші мегаполисі ретіндегі Шымкенттің туристік мүмкіндіктерінің дамуы бойынша жұмыспен танысты. Бұл үшін қалада тарихи-мәдени аймақ құрылуда. Онда «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, салт-дәстүрлер орталығы болмақ.