Елбасы: Орал Мұхамеджановтың есімі мен Қазақстанның дамуына қосқан үлесін халқымыз ешқашан ұмытпайды

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жеделхатта Орал Байғонысұлының іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетімен жастай көзге түсіп, басқару органдарында түрлі жауапты қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтағаны атап өтілген.

«Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы күннен Президент Әкімшілігінде және Үкімет аппаратында бөлімдер басқарып, Парламент Мәжілісінің депутаты, кейін Палата Төрағасы бола жүріп, өзінің мол білімі мен бүкіл қажыр-қайратын туған елімізді көркейтуге, оның құқықтық-заңнамалық базасын қалыптастырып, нығайтуға жұмсады. Қай қызметте жүрсе де ақжарқын мінезімен, адамгершілік қасиеттерімен әріптестерінің арасында әрдайым зор абырой мен беделге ие болды. Оның еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілді», - делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев О.Мұхамеджановтың есімі мен Қазақстанның дамуына қосқан үлесін халқымыз ұмытпайтынын атап өткен.


ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми дүниден озған көрнекті саяси қайраткер Орал Мұхамеджановтың отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметінен.

«Сарабдал саясатшы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы қызметін екі мәрте атқарған қоғам, мемлекет қайраткері, халқымыздың рухы биік қайсар ұлы Орал Байқонысұлы Мұхамеджановтың дүниеден өтуіне байланысты, отбасына, туған туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Отанымыздың елжанды қайраткер азаматы ретіндегі Оның жарқын бейнесі халық жүрегінде мәңгі жасайтын болады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын», - делінген Қ. Мәмидің блогында.