Елбасы отандық компанияларды Армения экономикасына инвестиция салуға шақырды

"Қазақстан жақсы қарқынмен дамып келеді. Армения экономикасы да 11-12 процент өсімге ие... Мен еліміздің компанияларын баршамыздың пайдамыз үшін Арменияға жол тартып, ондағы ахуалды зерттеуге, мүмкіндікті пайдаланып қаржы жұмсауға, пайда табуға шақырамын",- деді Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада бизнес-форумға қатысушыларға қаратып айтқан сөзінде.

"Армения президентімен бірлесіп екі жақты қарым-қатынасқа қатысты барлық мәселені талқыладық. Оның ішіндегі ең бастысы сауда-экономикалық қатынастар. Қазір ол өте төмен деңгейде",- деді Н.Назарбаев. "14-15 млн. доллар деген сандарды тіпті атаудың өзі ыңғайсыз. Бұл екі елдің сұранысына да, әлеуетіне де әсте сай келмейді",- деді мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Армения президенті Роберт Кочарян "Қазақстан мен Армения экономикасының құрылымы бір-бірін толықтыра алады", деп атап өтті. "Біздің елімізде экономикалық ынтымақтастыққа қажетті негізгі құқықтық-нормативтік база қалыптасқан. Қазақстан бизнесінің ел басшылығының қолдауы аясындағы сыртқы экономикалық белсенділігі, Армениядағы либералдық экономикалық көзқарасқа байланысты тартымды инвестициялық ахуал - міне, бұлар іскер адамға қажетті факторлар. Сонда ғана ол мүлкі қорғауда және жұмсаған ақшасы кері қайтады дегенге сенімді болады",- деді Армения жетекшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан үшін Арменияда банк, ақпараттық технологиялар, көкніс өнімдерін өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, металлургия және т.б. салалар тартымды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 2006-жылдың қаңтар - тамыз айларында 16,4 млн. долларды (экспорт - $13,9 млн., импорт - $2,5 млн.) құрады. Қазақстаннан Арменияға астық, мұнай және оны өңдеу өнімдері экспортталады. Ал Армениядан Қазақстанға спиртті және спиртсіз өнімдер, химия өнеркәсібінің өнімдері, ағаш және одан жасалған өнімдер, машиналар мен жабдықтар шығарылады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті