Елбасы Павлодар облысы Баянауыл ауданының орталығындағы Қаныш Сәтпаевтың ескерткіш мұражайында болды

1967-жылы ашылған Қаныш Сәтпаев мұражайында бүгінде 3 мыңдай жәдігер қойылған. Мұражай залдарының арасында Баянауыл тумалары болып табылатын ғалымдар мен қаламгерлерге арналған залдар да бар. Мұражайдың ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров пен ойшыл-фәлсафашы МәшҺүр Жүсіп Көпей атындағы ескерткіш мұражайы сынды екі филиалы бар.

Жыл басынан бері мұражайда 1230 адам болған.
Бүгін мемлекет басшысының қатысуымен Баянауылдың орталық алаңынан "Асыл мұра" үгіт пойызы жолға шықты, оның құрамына павлодарлық археологтар, этнографтар, тарихшылар, ұлттық-мәдени орталықтардың, жастар ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ардагерлер және әртістер кірген. Акцияға қатысушылар облыстың барлық қалалары мен аудандарын аралап, Ертіс өңірінің тұрғындарын тарихи-мәдени мұраны сақтап қалу, қалыпына келтіру және зерттеуге үндемекші. Шара барысында бұған дейін белгісіз боп келген мәдениет пен сәулет өнерінің тың ескерткіштері ашылып, белгілі ескерткіштердің бір бөлігі халықтың көмегімен қалпына келтіріледі деп күтілуде. Сонымен бірге үгіт пойызына қатысушылар Павлодар облысының аумағында тұратын халықтардың ауыз әдебиеті мен фольклорының жинағын жасамақшы.
Орталық алаңда сөз сөйлеген Н.Назарбаев еліміздің көптеген біртуар тұлғалары мен батырларының, Қ.Сәтпаевтың отаны болып табылатын баянды мекен - Баянауылмен тағы бір мәрте қауышуға келгенін атап өтті. Алаңға жиналған халыққа мемлекет басшысы сонымен бірге ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын сұрап-білу де сапарының басты мұраты екенін жеткізді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында 30 мыңдай адам тұрады. Аудан аумағында "Қазақстан Швейцариясы" деген лайықты атауға ие болған Баянауыл ұлттық табиғи саябағы орналасқан.