"Қашаған дүниежүзіндегі мұнай мен газдың аса ірі кеніші. Оны игеру үшін Қазақстан ірі трансұлттық компаниялармен Өзара өнім бөлісу туралы келісімге қол қойды. Алайда, бұл компаниялардың мұнай алу уақытын кешіктіруіне байланысты Қазақстан табыстың өзіндік бөлігін жоғалтты", - деді Қазақстан Республикасының президенті.
"Осыған байланысты, мен өткен жылдың жазындаүҮкіметке осы жобадағы Қазақстанның мүддесін қалпына келтіру үшін келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Бүкіл әлемдік қоғамдастықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының назарын өзіне аударған өте күрделі келіссөздер жүргізілді. Көп раундтық күрделі келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан тарапы өз мүдделерін қорғап қалды. "ҚазМұнайГаз" компаниясы жобадағы өз үлесін екі есеге ұлғайтатын болды, бұл болашақта табыстың еселеп артуына әкеледі", - деп сөзін жалғастырды президент.
"Мен бұл біздің еліміз үшін жақсы жаңалық болды деп есептеймін. "ҚазМұнайГаз" әлемдік мұнай қауымдастығының өлшемдері бойынша ірі компанияға айналып отыр. Енді ол бұрынғыдан да жоғары инвестиция тарта алатын болады. Бұл өте маңызды", - деп атап көрсетті президент.
"Бүгінгі кездесу біздің барлығымызыз ортақ шешімге тоқталғанымызды білдіреді. Біз байланыстарды үзген жоқпыз. Және инвестор компаниялар да, Қазақстан жағы да жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне риза", - деп сөзін қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұрын хабарлағанымыздай, қазіргі уақытта консорциумның барлық мүшелері келісімге қол жеткізген. Ол 2007 жылдың 20-желтоқсанында қол қойылған меморандум ережелеріне негізделген өзара түсіністік туралы жаңа меморандумға қол қоюға алып келді және желтоқсан айында қол жеткізілген Солтүстік Каспий бойынша Өзара өнім бөлісу туралы келісімге экономикалық өзгерістер енгізуге қатысты келісімді және Қашағандағы болашақ мұнай операцияларының үлгісін дәлелдей түседі.