28-отырысының ашылу салтанатында сөйлеген өз сөзінде.
"Әсіресе Ислам Даму банкі тарапынан еліміздегі денсаулық сақтау және білім беру саласын қаржыландыруға жасаған қолдауы айрықша алғысқа лайық",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Ислам Даму банкінің арнаулы несиелік желілері бойынша шағын және орта бизнесті дамытуға бөлген қаржысы оңды нәтиже беріп отырғанын Елбасы ерекше атап көрсетті. Ислам Даму банкінің еліміздегі коммерциялық банктермен ынтымақтастығын "жақсы бастама" деп атаған Н.Назарбаев сонымен бірге Қазақстанның осынау халықаралық қаржылық институттың арнаулы бағдарламалары мен институттарына атсалысуын "болашағы бар қадам" ретінде бағалады.
"Біз Ислам Даму банкінің Инвестициялар мен экспорттық несиені сақтандыру, сондай-ақ, жеке меншік секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясының Қазақстандағы іс-қызметін жандандыра түсуін айрықша пайдалы қадам деп білеміз",- деді президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан экономикасында қол жеткізілген жоғары даму көрсеткіштерін атап өтті. Мәселен, оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында еліміз түбегейлі экономикалық жаңартауларды жүзеге асыра алды. Соның нәтижесінде дүниежүзілік қоғамдастық Қазақстанды нарықтық экономиканы дамытушы ел ретінде мойындап, мемлекетіміз бен отандық кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығы нығайды.
"Соңғы жылдары Қазақстандағы экономикалық ахуал едәуір тұрақтанып, алдын-ала болжам жасайтындай жағдайға жетті",- деп атап көрсеткен Н.Назарбаев еліміздің қаржылық жүйесі дүниежүзі тарапынан аймақтағы ең таңдаулы жүйе ретінде танылғанын айтып өтті.
Қазақстан Ислам Даму банкіне 1995-жылы мүшелікке қабылданған. Содан бері аталмыш халықаралық қаржылық институт еліміз экономикасына 90 млн. доллардан астам қржы құйды.