Үкімет басшысы кеңсесінің аталмыш жарлыққа байланысты берген түсініктемесінде атап көрсетілгеніндей, бағдарлама "әрбір жаңа үкімет өзінің басты жұмыс бағдарын белгілеуге тиіс" деген ҚР Ата заңының талабына сәйкес жасалған.
Бағдарламаның мақсаты мен міндеті, оның басты бағыттары мен басымдықтары 2030 стартегиясын одан әрі жүзеге асыруға, еліміздің 2010-жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының мақсатты индикаторларына қол жеткізуге, сондай -ақ, мемлекет басшысының үкімет алдына қойған өзекті мәселелерін шешуге бағытталады.
Бағдарламаның ең басты мақсаты қоғамдық-саяси тұрақтылық, ұдайы алға бастайтын әлеуметтік-экономикалық даму, экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті нығайту, жүйелі тәуекелділік әсерлерді азайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту негізінде еліміздің барлық аймақтарындағы тұрғындардың жалпы жоғары тұрмыстық деңгейін қамтамасыз ету болып табылады.
2003-2006-жылғы бағдарламада үкімет мынадай бағыттарға басымдық беріп отыр : еліміз аймақтары арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі айырмашылықтарды жою, жұмыссыздық пен кедейлікті азайту, мемлекеттік аргоазық-түліктік бағдарламаны жүзеге асыру, ауылдағы тұрмыстық ахуалды сапалық тұрғыда жақсарту, еліміздің индустриялық-инновациялық даму даму стратегиясын жүзеге асыру, қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру. Сондай-ақ, ғылым, білім беру, мәдениет және тұрғындардың кәсіби білімдік деңгейін арттыруға бағытталған қазіргі заманғы тиімді жүйе қалыптастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, халықтың зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыздық деңгейін жетілдіру, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық жалақысын арттыру, Астананы одан әрі дамыту міндеттеріне де басымдық беріледі.
Үкіметтің есептеуінше, осы және басқа да мақсаттарды жүзеге асыру - Жалпы Ішкі Өнімнің жылдық орташа нақты өсімін 7-7,5 процент деңгейінде қалыптастыруға, соның ішінде өнеркәсіп өнімнің деңгейін 9-9,5 процентке жеткізуге, 2006-жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім мөлшерін 2600 долларға парапар келетіндей деңгейге жеткізуге, инфляциялық жылдық орташа көрсеткішті 4,5-5,5 проценттен аспайтындай деңгейде ұстауға, тақыр кедейлер санын 20 процентке дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Түсініктемеде атап көрсетілгеніндей, жалпы алғанда үкімет бағдарламасында жоспарланған шараларды жүзеге асыру елімізді жоғары өркениетке жеткізуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық процесстерді бір бағытты әрі мақсатты сипатқа көшіруге жол ашады.
ҚР Елбасының жарлығына сәйкес үкімет аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға бағышталған шаралар жоспарын бір айдың ішінде жасап бекітуге тиіс. Ал оның орындалу барысы туралы мемлекет басшысына әрбір тоқсан сайын ақпарат беріледі.
Жарлықтың толық мәтіні мен оған берілген түсініктеме ресми баспасөз беттерінде жарық көрді.