Елбасы қытайлық үш ірі корпорациямен Қазақстандағы бірлескен жобаларды талқылады

«Цинхуа» корпорациясы басқармасының төрағасы Хо Цинхуамен кездесуде корпорацияның қазақстандық серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, көмірді кешенді өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қозғалды.

Бұдан бөлек, кездесу барысында өзара іс-қимыл перспективалары мен инвестициялық ахуалдың жағдайы қарастырылды. Мемлекет басшысы Қазақстанда бизнес жүргізу үшін заңнама және келісімшарттар тұрақтылығы сияқты жайттарды қамтитын қолайлы жағдайлардың жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, елде индустриялық бағдарламаны жүзеге асыру аясында өндірістік секторға қолдау көрсетіледі. 

«Цинхуа» корпорациясы ҚХР-дың көмір өндіру, байыту, кокстеу және көмір химиясы жөніндегі ірі жекеменшік кәсіпорны болып саналады. 20 мыңнан астам адам жұмыс істейтін корпорацияның өндіріс орындары Қытайдың бірнеше өңірінде орналасқан.

Елбасының Қытайдың «AVIC» авиациялық өнеркәсіп корпорациясының президенті У Гуаньцюанмен жүздесуінде авиация өнеркәсібі мен логистикасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі аспектілерін  де қарастырды.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл корпорация Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылық білдіріп отырған ірі авиациялық кәсіпорындардың бірі екенін және оның келуі маңызды инвестициялық жобаға айналуы мүмкіндігін атап өтті.

 - Біздің ел жолаушыларға және ауыл шаруашылығына арналған шағын авиацияға мүдделі. Сіздердің бұл салада үлкен тәжірибелеріңіз бар, сондықтан біз өздеріңізді ынтымақтастыққа шақырамыз. Мұндай инвестицияларға біз инфрақұрылым жағынан көмек көрсетеміз, бизнесті алғашқы жылы салықтан босату арқылы ерекше преференциялар жасаймыз. Сонымен қатар, сіздер тиісті кәсіби кадрларды даярлайды деп үміт артамыз, - деді Мемлекет басшысы.  

Қытайдың «AVIC» авиациялық өнеркәсіп корпорациясы кең ауқымда авиациялық  өнім өндірумен айналысады және әлемнің 30-дан астам еліне экспорттайды. Корпорация сондай-ақ «Boeing», «Airbus», «GE», «Rolls Royce» секілді әлемдік авиақұрастыру өндірісі көшбасшыларын авиациялық қосалқы бөлшектермен, двигательдермен және борт жабдықтарымен қамтамасыз етеді.


Корпорация құрылымына 200-ден астам түрлі кәсіпорындар мен ғылыми-техникалық мекемелер кіреді, ал қызметкерлерінің жалпы саны 500 мың адамнан асады.  

Кездесу барысында корпорацияның Қазақстандағы қазіргі жұмысының негізгі мәселелері, сондай-ақ жоғары технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды.

Ал Мемлекет басшысының «Хуавэй» корпорациясы директорлар кеңесінің төрайымы Сунья Фанмен кездесуі барысында корпорацияның Қазақстандағы қазіргі жұмысының негізгі мәселелері, сондай-ақ жоғары технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды.

ҚР Президенті біздің елдегі телекоммуникациялық саланың деңгейі қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті және Қазақстанның  корпорациямен ынтымақтастыққа аса мүдделі екеніне тоқталды.

Сунья Фан өз компаниясы жұмысының негізгі бағыттары туралы әңгімелеп, оны бұдан әрі дамыту жөніндегі жоспарларын баяндады.

«Huawei Technologies» корпорациясы телекоммуникациялық құрал-жабдық шығару жөнінен әлемдегі жоғары технологиялық ірі кәсіпорын болып саналады. Корпорацияның Қазақстандағы өкілдігі 1999 жылы ашылды. Компания елдің жетекші байланыс операторларының негізгі жеткізушісі және стратегиялық серіктесі болып саналады.