Елбасы тапсырмасын дұрыс орындамаған жоғары лауазымды 5 шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Бұл туралы ресми баспасөздің жұмадағы санында хабарланды.

Ақпарға сүйенсек, премьер-министрдің жарлығымен елбасының «Ауыл шаруашылық кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу туралы» тапсырмасын лайықты деңгейде орындамағаны үшін Ауыл шаруашылық вице-министрі Сапархан Омаровқа сөгіс жарияланды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов елбасының «Комуналдық қызмет төлемдерін төлейтін біртұтас құжат енгізу және «Жерұйық» паркін салу» жөніндегі тапсырмасының сапасыз орындалмауына байланысты сөгіс алды. Жарлыққа Астана әкімі қол қойған.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Текешовке қатаң сөгіс жарияланды. Оған Өскемен қаласындағы Қан орталығы құрылысын аяқтау мерзімінің бірнеше рет кейінге шегерілгені, сондай-ақ, мемлекет басшысының «350 дәрігерлік амбулатория және емхана салу туралы» тапсырмасы бойынша салынатын нысандар құжатының дер кезінде әзірленбеуі түрткі болды. Тапсырмаға ШҚО әкімі қол қойған.

Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Габит Мұхамбетовке қатаң сөгіс берілді. Ал, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашовқа ескерту жасалды.

Жарлықтарға Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жетекшілері қол қойған.


Қазақстанда жыл басынан бері шамамен 140 шенеунік жемқорлық қылмысы үшін жауапқа тартылды.

Экономикалық және жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2014 жылдың 6 айында анықталған жемқорлық қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 16 пайыз артқан. Ал, жүйелі жемқорлық факиілері бойынша қозғалған қылмыстық істер саны 1,5 есе көбейген.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру саласында беті ашылған жемқорлық қылмыс саны 2 есе, бюджет қаржысын жымқыру фактілерін ашу көрсеткіші 1,5 есе артқан.

«Түрлі деңгейдегі 140 шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында орталық атқару органдары басшылары, әкімдер мен олардың орынбасарлары да бар», - делінген хабарламада.