Елбасы Тасмағамбетов үкіметінің жұмысына қанағаттанады

Ол бұрынғы үкіметтің ел ішінде қолайлы әлеуметтік-экономикалық ахуал қалыптастырып, көптеген айрықша маңызды мемлекеттік бағдарламаларды қабылдағанын атап көрсетті. Соның ішінде Елбасы 2003-2005 жылдарға есептелген ҚР-ның агроәнеркәсіптік даму бағдарламасы мен Қазақстанның 2015-жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ерекше тоқталды.

"Өз басым бұл үкіметті таяу уақыттарда өзгертуді жоспарлаған жоқ едім. Алайда И.Тасмағамбетов өзін қызметтен босату туралы бір емес екі қайта өтінген соң , өтінішті қабыл алдым ",- деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев министрлер кабинетінің жаңа құрамы еліміздің қазіргі қол жеткізген даму қарқынын одан бетер үдетуге тиіс екенін, соның ішінде бүгінге дейін қабылданған бағдарламаларды іс жүзінде толыққанды жүзеге асыруы қажеттігін ерекше атады.
Президент бұрынғы үкімет мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін ризашылық білдірді.