Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы жоспарланған уақытынан асып тура 5 сағатқа созылды. Назарбаев, Путин, Лукашенко түнімен отырып даулы түйткілдерді талқылады. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев мәселені төтесінен қойды. Кеден Одағында қазақ кәсіпкерлерінің көптеген тосқауылдарға ұшырап отырғанын ашық айтты. Әсіресе, Ресей тарапынан.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мысалы, Қазақстанның етін Ресей өз нарығына әдейі өткізбейді. Санитарлық сертификатта жоқ нормаларды талап етеді. Беларусьтің экспортталатын сүті де осындай қиындыққа ұшырап отыр.
Өкпесін ашық айтқан Елбасы Кеден Одағының жұмысын реттеу үшін құрылған Еуразиялық экономикалық комиссияның әділетсіздігін бетіне басты. Өйткені дербес шешім қабылдауы тиіс орган Ресейдің сойылын соғуға құмар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Нередко документы комиссии поступают на согласование за один день до принятия нужного решения. Не могу не отметить, что российские члены коллегии принимают участие в заседаниях правительства России, получая соответствующие установки. Хотя, согласно договору, комиссия и члены коллегии не подотчетны никакому из наших правительств.
Сонымен қатар Назарбаев Еуразиялық экономикалық қоғамдастығын таратып жіберіп, орнына Кеден Одағының аясын кеңейтуге шақырды. Тіпті оған Түркияны қосайық деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Менен Түркияның премьері Ердоған Кеден Одағына қосылуға бола ма деп сұрады. Түркия экономикасы дамыған үлкен мемлекет. Батыс елдеріне барсаң, маған үнемі Ресейдің ығына жығылып, Кеңес Одағын қайта тірілтіп жатырсыңдар ма деп сұрайды. Егер Түркияны қатарымызға алсақ, ондай әңгімелер азаяр еді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қатқыл сөздерін үнсіз тыңдаған Ресей президенті Владимир Путин Кеден Одағына Үндістанның да қосылғысы келетінін айтты. Ал Беларусь басшысы ұйымда үш мемлекеттің құқығы бірдей болуы әрі кемшіліктерді келісіммен шешуге шақырды. Отырыста Кеден Одағына кіруге ресми түрде өтініш білдірген Армения тиісті келісімге қол қойды. Кезекте Қырғызстан мен Украина тұр. Соңғысы әлі Еуропаға жалтақтап екі оттың ортасында отыр. Ал Кеден Одағының түйткілі талқыланып болған соң бүгін Минск төрінде ТМД мемлекет басшыларының саммиті өтті.
11 ел мүше ұйымға Қырғызстан мен Түркіменстан президенттері ғана келген жоқ. Есесіне, мұндай басқосулардан жиі шет қалатын Өзбекстан басшысы Ислам Кәрімов төбе көрсетті. Ал жиында өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытып, қауіп қатермен бірлесе күресу сөз болды. Сондай-ақ, терроризм мен экстремизге жол бермеуге уағдаласты.
Татумыз дегенімен тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің үні көп аса бір жерден шыға бермейді. ТМД төңірегіндегі өзгерістерге үрке қарап, әліптің артын бағып отырғандар көп. Бірақ қалай десе де бір-бірімен жағрафиялық жағынан жақын орналасқандықтан, интеграциялық бастамалардан шет қала алмайды. Ал мәртебелі меймандардың келуіне орай тіршілігі сәл тұралап қалған қала осы сәттен бастап бұрынғы қалпына келеді. Өйткені басқосулар аяқталды, ал келесі саммит Украинда өтетін болды.