Елбасы туралы «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі көрерменге жол тартады

Ресейлік кино маманы, режиссер Сергей Снежкинның туындысы ҚР Президентінің өмірі мен қызметіне арналған «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы болып табылады. Айта кетерлігі, жаңа фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі аса қызықты кезеңді, Елбасының 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалып, 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанға дейінгі кезеңді қамтып отыр. Басты рөлді еліміздің танымал актері Берік Айтжанов сомдаған. 

«Шындығында бұл қарапайым туынды емес, киноны экранға шығару арқылы еліміздің тарихына басқаша көзқараспен қарауға да болады. Өйткені, шындығында Тәуелсіздік жылдары қарапайым халық біле бермейтін көптеген оқиғалар орын алып жатты, бұл оқиғалар біздің елімізге ғана емес, бүкіл әлемнің өзгеруіне қатысты болатын. Жалпы, Елбасының өткен өмір жолына үңілсек, Н. Назарбаевтың әрбір қадамы туралы жеке-жеке фильм түсіруге де болатындай. Дегенмен, Сергей Снежкиннің шеберлігі арқасында біз еліміздің үлкен тарихи бетбұрыстар мен өзгерістер кезеңін үш сағаттық туындыға сыйғызып отырмыз», - деді брифингте Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның сөзіне қарағанда, фильмді түсіруге Қазақстан мен Ресей киномамандарының жоғары білікті шығармашылық командалары атсалысқан. Кино екі елде төрт ай бойы түсірілді.


Министрдің айтуынша, фильм негізінен еліміздің жастарына арналады.

Айта кетейік, фильм сюжеті бойынша ағылшын жазушысы Джереми Вильсон Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбаттасу мақсатында онымен кездесудің ретін іздейді. Алайда жоспарланған сұхбат жас мемлекеттің құрылуын баяндайтын тарихи әңгімеге айналып кетеді. Журналист Нұрсұлтан Назарбаев еске алған оқиғалардың куәсі болып, 1950-1991 жылдар арасында өрбіген оқиғаларға «сапар шегеді».

Картина 28 сәуірден бастап қалың жұртшылық назарына ұсынылады деп жоспарлануда.